
Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының мәжіліс залында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы көрсеткіштері мен жетістіктеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынды басқарма басшысы Ғалымжан Худияров ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауға бағыт берді.
Терроризм мен экстремизмнің алдын алу – басты басымдық
Алғашқы баяндама барысында басқарманың жауапты маманы Мағжан Боранбайұлы спорт ұйымдарында терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырды. Ол қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізілген түсіндіру іс-шараларын, профилактикалық жұмыстарды және келесі жылғы жоспарларды жан-жақты атап өтті. Сондай-ақ, заң мен тәртіп тұрғысында да бірқатар жұмыстар жүгізілгені айтылды.
Спорт ұйымдарының жылдық нәтижелері сараланды
Жиында 2025 жылғы спорт ұйымдарының қызметі, Жастар ойындарының қорытындылары және аға жаттықтырушылардың жұмыс тиімділігі Жандос Керимбековтің баяндамасында кеңінен қамтылды. Ол үздік спорт мектептері мен көрсеткіші төмен мекемелердің тізімін жариялап, жылдық рейтингті ұсынды. Сонымен бірге жаттықтырушылар корпусына қатысты аналитикалық бағалау жүргізілді.
Негізгі көрсеткіштер: тұрақты өсім байқалады
Бүгінде облыс бойынша 76 спорт ұйымы жұмыс істейді. Онда 59 спорт түрі дамытылып, 2485 жаттықтырушы еңбек етіп, 50500 спортшы тұрақты түрде дайындалып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама сапына енген түркістандық спортшылар саны 766-ға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 150 адамға немесе 20 пайызға артқан.
KPI жүйесі арқылы үздік спорт ұйымдары анықталып, нәтижесі төмен мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс спортын дамытуға айрықша үлес қосқан аға жаттықтырушылар да анықталды. Атап айтқанда: Марат Файзиев – дзюдо (ерлер), Жанат Арапова – қыздар баскетболы, Еркебұлан Кеңесов – каноэде есу. Бұл мамандардың шәкірттері халықаралық және республикалық деңгейдегі бәсекелерде тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп, облыстың спорттық абыройын арттырып келеді.
Алдағы міндеттер айқындалды
Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы Ғалымжан Худияров спорт ұйымдарына келесі жылы да жоғары нәтижелерді сақтап, бәсекеге қабілетті спортшылар даярлау, жасөспірімдер мен жастар арасындағы жұмысты күшейту және көрсеткіштерді одан әрі жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облыстық №6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 2025 жылғы жетістіктері қандай?
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Түркістан облыстық №6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп отырған іргелі спорт мекемелерінің бірі болып табылады.
Бүгінде спорт мектебінде барлығы 35 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 11 әкімшілік қызметкер, ал спортшыларды тікелей дайындайтын 24 жаттықтырушы бар.
Жаттықтырушылар құрамының кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде: 1 жоғары санатты жаттықтырушы; 4 І санатты маман; 5 ІІ санатты жаттықтырушы еңбек етеді.
Спорт мектебінде 10 спорт түрі бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтқанда: бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, таеквондо, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ және гір спорты.
Қазіргі таңда мектептің ауыспалы құрамында 618 спортшы-оқушы бар. Олардың ішінде: 1 Қазақстан Республикасының спорт шебері; 20 спорт шеберіне кандидат еңбек етеді.
2025 оқу жылындағы жарқын жетістіктерге тоқталсақ, спорт мектебінің тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 55 медаль иеленді.
Халықаралық ареналардағы жетістіктер:
Әлем чемпионаты: 4 күміс, 3 қола;
Әлем кубогі: 1 алтын;
Азия чемпионаты: 3 алтын, 1 күміс, 1 қола.
Республикалық деңгейдегі нәтижелер:
Қазақстан Республикасының чемпионаттары: 6 алтын, 10 күміс, 12 қола;
Жастар ойындары: 1 күміс;
Халықаралық турнирлер: 2 алтын, 8 күміс, 3 қола.
Аталған жетістіктер Болат Қойшыбайұлы Қонаев басқаратын спорт мектебіндегі жүйелі жұмыстың, кәсіби жаттықтырушылар еңбегінің және спортшылардың табанды дайындығының нақты көрінісі деп бағалаған болар едік.
Түркістан облыстық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі биыл айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді
Түркістан облыстық №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2025 жылы өңір спортының дамуына сүбелі үлес қосып, халықаралық және республикалық ареналарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде спорт мектебінде 76 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 37 жаттықтырушы бар. Атап айтқанда, 26 жаттықтырушы толық жүктемемен, 11 жаттықтырушы 0,5 жүктемемен жұмыс атқарады.
Жаттықтырушылар құрамының кәсіби деңгейі де жоғары. Мектепте 6 жоғары санатты, 2 І санатты және 9 ІІ санатты жаттықтырушы қызмет етеді. Бұл – жас спортшыларды сапалы даярлауға берік негіз.
Спорт мектебі 9 спорт түрі бойынша 850 спортшымен (оның ішінде 120 ауыспалы құрам) жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, баскетбол, волейбол, бокс, дойбы, дзюдо, таеквондо (WT), каратэ (WKF), қазақ және белбеу күресі, сондай-ақ жүзу спорт түрлері дамытылуда. Қазіргі таңда 19 спортшы – спорт шебері, 73 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағына ие. Сонымен қатар, 13 спортшысы Қазақстанның жасөспірімдері мен жастар ұлттық құрамасының сапында болса, 1 спортшысы ересектер құрамасында ел намысын қорғауда.
2025 жылғы спорттық жетістіктер айрықша нәтижелерімен ерекшеленді. Мектеп спортшылары:
Әлем чемпионаттарында – 2 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль;
Азия чемпионатында – 1 алтын медаль;
Қазақстан Республикасының чемпионаттарында – 13 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль;
Жастар ойындарында – 2 алтын медаль;
Халықаралық турнирлерде – 12 алтын, 10 күміс, 19 қола медаль;
Республикалық турнирлерде – 10 алтын, 14 күміс, 20 қола медаль олжалады.
Тәжірибелі маман Нұржан Канлыбаев жетекшілік ететін ұжымның шәкірттері 2025 жылы жалпы алған 76 алтын, 78 күміс, 102 қола, барлығы 256 медаль жеңіп алып, өңір спортының мерейін асқақтатты.
Бұл жетістіктер – жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің, спортшылардың табандылығы мен жүйелі дайындықтың нақты жемісі. Спорт мектебі алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі чемпиондарды тәрбиелеуді басты мақсат етіп отыр.
Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы аймақ бойынша жетекші орталықтардың біріне айналды
Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың наурызында құрылып, ерекше қажеттілігі бар жандарды спортқа баулуда аймақ бойынша жетекші орталықтардың біріне айналды.
2024 жылы клубта 37 жаттықтырушы мен 301 спортшы тіркелсе, 2025 жылы 32 жаттықтырушы 203 спортшымен жұмыс жүргізуде. Спортшылар 21 спорт түрі бойынша жаттығады. Олардың қатарында бочча, пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, сурдо спорт түрлері, шахмат, тоғызқұмалақ, шоудаун және өзге де бағыттар бар.
203 спортшының 76-сы — 18 жасқа дейінгі, 127-сі — ересектер. Бүгінде клуб құрамында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 ҚР спорт шебері, 23 спорт шеберіне кандидат, 81 ұлттық құрама мүшесі бар.
Клуб мамандары Түркістан облысының 10-нан астам қала-ауданында ерекше жандарды спортқа баулып, кәсіби деңгейде дайындап келеді. Сонымен қатар бірқатар арнайы мекемелермен және мектеп-интернаттармен меморандум негізінде жұмыс істелуде. Жаттығулар Кентау, Ордабасы, Шардара, Сауран аудандарындағы спорт кешендерінде, Түркістан қаласындағы «OLҮMPIС CENTER», «TURKISTAN ARENA» нысандарында және өзге де орындарда өтеді.
2025 жылы «Сауран» спорт клубы үшін ерекше табысты жыл болды. Спортшылар халықаралық және республикалық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облыс абыройын асқақтатты:
2025 жылғы басты жетістіктер:
Сурдлимпиада: 1 алтын, 1 күміс;
Әлем чемпионаты: 3 алтын, 1 қола;
Азия чемпионаты: 1 күміс;
Әлем кубогі: 12 алтын, 9 күміс, 7 қола;
Халықаралық Гран При: 1 күміс, 3 қола;
ҚР чемпионаты: 30 алтын, 20 күміс, 18 қола;
ҚР Кубогі: 14 алтын, 9 күміс, 7 қола;
ҚР VII Спартакиадасы: 15 алтын, 12 күміс, 9 қола;
Республикалық турнирлер: 7 алтын, 3 күміс, 2 қола;
Жалпы нәтиже: 57 алтын, 39 күміс, 35 қола.
2025 жылдың 1 мамырынан бастап мекеме Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт кешеніне көшіп, жаңа ғимаратта жұмысын жалғастыруда.
Тәжірибелі басшы Абай Қазиев жетекшілік ететін «Сауран» спорт клубы — ерекше жандардың спорттағы қабілетін ашып, ел намысын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды орталық. Спортшылардың жарқын жеңістері мұнда жүргізіліп жатқан еңбектің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Түркістан облысының олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша Жоғары спорт шеберлігі мектебі үшін 2025 жыл толағай табыстарға толы болды
2025 жыл Түркістан облысының олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінде толағай табыстарға толы болды. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары жыл бойы өткен республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел спортының абыройын асқақтатты.
Жыл қорытындысы бойынша мектеп спортшылары 78 алтын, 56 күміс, 66 қола медаль жеңіп алып, барлығы 200 жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – спортшылардың қажырлы еңбегінің, жаттықтырушылар құрамының кәсіби шеберлігі мен облыста ұлттық спортқа жасалып отырған қолдаудың нақты көрінісі.
Жарыстардағы басты көрсеткіштер:
Қазақстан Республикасының чемпионаттары – 84 жүлде (32 алтын, 20 күміс, 32 қола);
Қазақстан Кубогі – 9 жүлде (2 алтын, 1 күміс, 6 қола);
«Ақ бидай» республикалық ауыл ойындары – 8 жүлде (2 алтын, 3 күміс, 3 қола);
Азия кубогі – 10 медаль (2 алтын, 3 күміс, 5 қола);
Азия чемпионаты – 22 жүлде (8 алтын, 8 күміс, 6 қола);
Әлем чемпионаты – 10 медаль (4 алтын, 2 күміс, 4 қола);
Әлем кубогі – 33 жүлде (17 алтын, 12 күміс, 4 қола);
Дүниежүзілік ойындар – 3 медаль (1 алтын, 2 күміс);
Республикалық және халықаралық турнирлер – 21 жүлде (10 алтын, 5 күміс, 6 қола).
Бұл көрсеткіштер Түркістан өңіріндегі ұлттық спорттың даму қарқынын айқын көрсетеді. Ел намысын қорғаған спортшылар ағымдағы жылдың басты жарыстарында сенімді күрес жүргізіп, халықаралық аренада Қазақстанның беделін одан әрі арттыра түсті.
Сонымен қатар, Самат Рысбеков жетекшілік ететін ұжым спортты насихаттау және дамыту бағытында ұйымдастыру жұмыстарымен де көзге түсті. Биыл облыс орталығында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем кубогі мен Азия чемпионаты жоғары деңгейде өткізілді. Бұған қоса, қазақ күресінен жастар арасында «Дала қырандары» республикалық турнирі де кәсіби талапқа сай ұйымдастырылып, қатысушылар мен мамандардан оң баға алды.
Түркістан облысының олимпиадалық емес және ұлттық спорттағы бұл нәтижелері – өңір спортының жүйелі дамуының, тәжірибелі мамандар еңбегінің және спортшылар жігерінің жарқын жемісі.
Түркістан облыстық №4 олимпиадалық спорт мектебі ұлттық құрама сапына жолдама алатын кәсіби спортшыларды дайындауда зор үлес қосып отыр
Түркістан облысының спорттық әлеуетін арттыруда айрықша үлес қосып келе жатқан Шардарада орналасқан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өңірдегі жетекші спорт орталықтарының бірі саналады. Бүгінде мектепте жас таланттарды шыңдап, ұлттық құрама сапына жолдама алатын кәсіби спортшыларды дайындауда зор үлес қосып отыр.
Айталық, мекемеде 83 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 42 әкімшілік қызметкер және 41 білікті жаттықтырушы жас спортшылардың кәсіби өсуіне бағытталған жүйелі жұмысты атқаруда.
Жаттықтырушылар құрамының сапасы – мектептің басты күшінің бірі:
1 – ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы,
9 – жоғары санатты,
7 – І санатты,
6 – ІІ санатты жаттықтырушы.
Спорт мектебінде бүгінгі таңда 16 спорт түрі бойынша оқу-жаттығу процесі жүргізіледі. Ауыр атлетика, таеквандо (WT), дзюдо, найза лақтыру, ядро лақтыру, бокс, еркін күрес, каратэ (WKF), грек-рим күресі, таэквондо (ITF), армрестлинг, гір көтеру, пауэрлифтинг, грэпплинг (UWW), самбо, қазақ күресі секілді спорт түрлері – өңір жастарының таңдаулы спорттық бағытына айналып отыр.
Мектептің ауыспалы құрамында 972 спортшы дайындалуда. Олардың жетістіктері де айтарлықтай:
17 – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері,
44 – ҚР спорт шебері,
267 – спорт шеберлігіне кандидат.
Биылғы оқу жылы №4 мектеп үшін ерекше нәтижелі болды. Жас спортшылар түрлі деңгейдегі додалардан 428 медаль жеңіп алып, Түркістан облысының намысын халықаралық аренада асқақтатты.
Халықаралық жарыстардағы нәтижелер мынадай:
Әлем чемпионаты: 6 алтын, 6 күміс, 3 қола;
Әлем кубогы: 19 алтын, 10 күміс, 4 қола;
Азия чемпионаты: 4 алтын, 1 күміс, 3 қола;
Азия кубогы: 4 алтын, 3 күміс, 6 қола;
Республикалық деңгейдегі жетістіктер
Қазақстан чемпионаты: 45 алтын, 28 күміс, 18 қола;
Жастар ойындары: 1 алтын, 1 күміс, 2 қола;
Қазақстан кубогы: 1 алтын, 2 қола;
Әртүрлі халықаралық турнирлер: 23 алтын, 22 күміс, 31 қола.
Бұл көрсеткіштер – мектептің жүйелі оқу-жаттығу процесінің, мықты бапкерлер құрамы мен жас спортшылардың еңбегінің нақты көрінісі.
Ұжым жұмысын тәжірибелі менеджер, өңір спортын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Нұржан Туракулов басқарады. Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2025 жылы өз әлеуетін толық айқын көрсетіп, облыс спортының көшбасшыларының бірі екенін дәлелдеді. Жас спортшылардың табысты жолы алдағы жылдары да жалғасын табатыны сөзсіз.
Түркістан облысының Олимпиада резервін даярлау орталығы — өңірдегі ең ірі кәсіби спорт құрылымдарының бірі
Түркістан облысының спорттық әлеуетін арттырып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп отырған «Олимпиада резервін даярлау орталығы» бүгінде өңірдегі ең ірі кәсіби спорт құрылымдарының бірі. Орталықта барлығы 43 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 25-і – әкімшілік қызметкерлер, ал спортшылармен тікелей жұмыс істейтін 27 жаттықтырушы бар (4 жаттықтырушы толық жүктемемен, 23 жаттықтырушы 0,5 жүктеме сағатымен қызмет атқарады).
Жаттықтырушылар құрамының біліктілік деңгейі айрықша жоғары:
2 – ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы,
15 – жоғары санатты жаттықтырушы,
10 – І санатты маман.
15 спорт түрі бойынша дайындық жүргізіледі. Атап айтқанда: таеквандо (WT), дзюдо, жеңіл атлетика, бокс, еркін күрес, байдарка мен каноэде есу, каратэ (WKF), жүзу, академиялық есу, желкенді спорт, грек-рим күресі, әйелдер күресі, ауыр атлетика, үстел теннисі, баскетбол.
Бүгінде орталықтың ауыспалы құрамында 287 спортшы бар. Олардың ішінде:
3 – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері,
39 – ҚР спорт шебері,
199 – спорт шеберіне кандидат,
132 спортшы – Қазақстанның жастар, юниорлар, жасөспірімдер құрамында,
13 спортшы – елдің негізгі құрама командасы сапында.
Орталық спортшылары биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда 551 медаль еншіледі.
Халықаралық аренадағы нәтиже:
Әлем чемпионаты: 2 алтын, 1 қола;
Еуропа кубогі: 2 күміс;
Азия чемпионаты: 2 алтын, 13 күміс, 4 қола;
Азия кубогі: 2 күміс;
Орталық Азия чемпионаты: 5 алтын, 3 күміс, 2 қола;
ТМД ойындары: 1 күміс, 5 қола;
VI Ислам ойындары: 2 алтын, 1 күміс;
Жасөспірімдер Азия ойындары: 2 алтын, 1 күміс, 1 қола;
Республикалық деңгейдегі жетістіктер:
ҚР чемпионаты: 83 алтын, 86 күміс, 91 қола;
Жастар ойындары: 46 алтын, 46 күміс, 22 қола;
Ислам ынтымақтастық ойындары: 1 алтын, 1 күміс, 1 қола;
Халықаралық турнирлер: 21 алтын, 7 күміс, 14 қола;
Республикалық турнирлер: 28 алтын, 28 күміс, 27 қола;
Орталық басшысы Нұрсұлтан Аблаевтың айтуынша, «Олимпиада резервін даярлау орталығы» – аймақ спортын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа буын чемпиондарды тәрбиелеп отырған маңызды мекеме. Спортшылардың биылғы жетістігі – орталықтағы жүйелі жұмыстың, кәсіби жаттықтырушылардың және талантты жастардың жемісі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
