![]()
Жуырда ғана Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қаланың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары және орындаушылық тәртіптің сақталуы жөніндегі жұмыстар талқыланды.
Бүгінде Түркістан қаласында 18 медициналық ұйым қызмет атқарады. Шаһар бойынша 269 285 тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелсе, оның 219 135-і сақтандырылған, ал 48 792 тұрғынның сақтандырылмағаны анықталды.
Сонымен қатар, қала тұрғындарының 87%-ы мобильдік қосымшаны белсенді қолданып, жыл басынан бері электронды қабылдауға жазылу саны 863 421-ге жеткен. Электрондық медициналық жазбалар көлемі 1,3 миллионнан асып, электрондық денсаулық паспорттарының қамтылуы 98,9%-ды құрайды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мемлекеттің ең басты байлығы — адам өмірі мен денсаулығы екенін, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.
— Қаламыздағы денсаулық сақтау жүйесі кризистік жағдайда болмауы тиіс. Әрбір тапсырма нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Бүгін көтерілген мәселелердің әрқайсысы бақылауда болады. Біз тек талқылап қоймай, оларды шешу үшін нақты қадамдар жасауымыз қажет. Қажетті құрал-жабдықтармен толықтыруды тез арада қолға алу керек. Уақыт күттірмеуі керек. Адам өмірінен асқан байлық жоқ. МӘМС жүйесін де кеңінен түсіндіріп, жүйелі дамыту керек. Егер емханаларыңызда мәселе болса, осында айтыңыздар. Бірге шешімін табайық, – деді қала басшысы.
Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы орындаушылық тәртіптің маңыздылығына тоқталып, хаттамалық тапсырмалардың уақытылы орындалуы мемлекеттік басқару сапасын айқындайтын негізгі көрсеткіш екенін атап өтті. Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына қызмет көрсету мәдениетін арттыруды, инфрақұрылымды жақсартуды, кадрлық әлеуетті күшейтуді және цифрландыруды жалғастыруды тапсырды.
«Жуық арада қалалық емхана, Жұмыспен қамту бөлімі, Салық басқармасы және Халыққа қызмет көрсету орталықтары өкілдерінен тұратын жедел штаб құрып, күнделікті режимде сақтандырылмаған 50 150 адамның ішіндегі әрбір азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтап, сақтандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырдым.
Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтар енді мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру есебінен жеке клиникаларда да ем ала алады. Бұл МӘМС жүйесіндегі қызмет көрсетушілер санын арттырып, бәсекелестікті күшейтеді. Мемлекеттік және жеке клиникалар бұр ретте қызмет көрсету сапасын едауір жақсартуы керек.
Ауруханаларда бейінді нейрохирург, бактериолог, анестезиолог мамандардың жетіспеушілігі де жасырын емес. Бұл ретте қаламыздағы медициналық мамандарды дайындайтын ірі оқу орны ХҚТУ-дың Медицина факультетімен арада практикалық кадрлар дайындау, түлектерді міндетті түрде бөлу бойынша нақты келісімшарт жасап, еліміздегі жетекші медициналық ұйымдармен немесе ірі облыстық ауруханалармен тәжірибе алмасу/ротация туралы келісімдер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету де – басты назарымызда. Қаламыздағы денсаулық сақтау жүйесі – кризистік жағдайда болмауы қажет.
Қаланың әрбір тұрғыны дер кезінде, сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Осы мақсатта біз қызмет көрсету мәдениетін арттыруды, инфрақұрылымды жақсартуды, кадрлық әлеуетті күшейтуді және цифрлық процестерді оңтайландыруды жалғастыруымыз қажет. Бүгінгі талқылаулар тұрғындардың денсаулығын қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін», — деп жазды Әзімбек Пазылбекұлы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.
Осы орайда атап өтейік, желтоқсанның 12-сінде Түркістан қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің орындалу барысын талқылауға арналған жұмыс мәжілісі өткен болатын. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол төрағалық етті. Мәжіліске жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, ішкі саясат, жастар саясаты, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік кірістер және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке меншік медициналық орталықтардың басшылары қатысты.
Жиын барысында қала бойынша МӘМС жарналары мен төлемдерін уақтылы төлемеу мәселесі, сақтандырылмаған азаматтардың үлесі, халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, білім беру мекемелеріндегі және жұмыспен қамту орталығындағы түсіндіру шараларын жүйелеу қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар жеке емханалар тарапынан сақтандырылмаған азаматтарға қызмет көрсету тәртібі мен деректерді нақтылау жұмыстары сөз болды.
Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Ғалым Мырзабеков пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Берік Исмаханбетов МӘМС пакеті тарапынан ұсынылатын медициналық қызметтердің көлемі, азаматтар жиі жолығатын сұрақтар және тұрғындардың сақтандыру мәртебесін анықтау тетіктері туралы баяндама жасады.
Жиынды қорытындылай келе, Аманжол Бекбол жауапты бөлімдерге түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сақтандырылмаған азаматтардың нақты тізімін айқындап, олардың мәртебесін реттеу бойынша шаралар қабылдауды және білім беру ұйымдарында ақпараттық түсіндіруді тұрақты форматқа енгізуді тапсырды. Мәжіліс барысында қойылған мәселелерді шешу мақсатында тиісті органдарға нақты міндеттер жүктелді.
Назар аударар мәселе, Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетіледі. Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Бұл қадам бюджеттік мүмкіндіктер мен міндеттемелерді ескере отырып, халықтың медициналық қызметтерге әділ әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, аталмыш диагноздары бар азаматтардың көпшілігі жеңілдік санаттарына кіреді және мемлекет есебінен сақтандырылған. Тағы бір бөлігі D және E санаттарына жатады. Олар келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жарналары есебінен сақтандырылмақ. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар өз денсаулығы үшін жауапкершілікті бөлісуге қабілетті. Жалпы, енгізілген түзетулер денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру моделін сақтандыруға негізделген жүйеге жақындатуға мүмкіндік береді. Бұл модельді әзірлеу кезінде бастапқыда жоспарланған бағытқа сәйкес келеді.
Көпшілік азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін емханаға барғанда ғана біледі. Мұндай қолайсыздықты болдырмау үшін дәрігерге жүгінбей тұрып, мәртебені алдын ала тексеріп алу қажет. «Сақтандырылған» мәртебесі болуы үшін соңғы 12 айда МӘМС жарналары бойынша қарыз болмауы тиіс. Әр азамат өз мәртебесін «msqory.kz» ресми сайтында, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында немесе Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы ЖСН енгізіп біле алады. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры екінші деңгейлі банктермен және медициналық ақпараттық жүйелер жеткізушілерімен келісімдер жасасып, мәртебені тексеру және жарна төлеу сервисін кеңейтіп отыр. Қазіргі таңда бұл мүмкіндік «Damumed», «Halyk Bank», «BCC.KZ» («Банк ЦентрКредит»), «Kaspi.kz», «Forte Bank», «Freedom SuperApp», «Bereke Bank» қосымшаларында қолжетімді.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша 2025 жылдың желтоқсан айында медициналық ұйымға тіркелген тұрғындар саны – 2 068 354. Оның ішінде сақтандырылғандардың саны – 1 685 204 (81,5 %), сақтандырылмағандар саны 383 150(18,5) адамды құрайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
