![]()
Шымкент қаласында жаңа оқу жылы 405 мыңға жуық оқушы үшін басталды. Олардың шамамен 29 мыңы —мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Биылғы Білім күні шаһардағы білім беру саласының жаңа міндеттері мен алдағы жоспарларын айқындаған маңызды кезең болды.
Мерекеге арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы жаңартылған №46 мектеп-лицейде өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталды. Биылғы 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды.
Қала әкімі жаңа оқу жылының басталуы тек оқушылар үшін ғана емес, ұстаздар мен ата-аналар үшін де жауапты кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім сапасын арттыру, оқу үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру және балалар мен жастарға сапалы білім алуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі.
Шымкентте білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы екі жылда қалада 13 жаңа мектеп бой көтерді. Биыл тағы 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Бұл жұмыстардың барлығы оқушы санының артуына байланысты білім алуға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Білім күні өткен №46 мектеп-лицей де биыл толық жаңартудан өтті. Нысанға 478 млн теңге көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті мен шатыры, спорт залы және жертөле бөлігі жаңғыртылды. Екі ауысымда білім беретін мектепте бүгінде шамамен 2 700 оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында 218 бала бірінші сыныпқа қабылданды.
Қала әкімі білім саласы қызметкерлерін кәсібилігі мен еңбегі үшін атап өтіп, ұстаздардың қоғам болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Жаңа оқу жылында мектептерде біліммен қатар тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға және азаматтық жауапкершілікке ерекше мән берілмек.
Білім күніне арналған іс-шаралар да осы ұстанымға сай, артық шығынға жол бермей ұйымдастырылды. Салтанатты жиындардан кейін оқушыларға Конституцияның құндылықтары мен жалпыұлттық жобаларды түсіндіруге бағытталған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді.
Жаңа оқу жылы Шымкенттің білім беру жүйесі үшін жаңа міндеттер кезеңін бастап отыр. Басты мақсат – заманауи білімге қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай, әр баланың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар қаладағы білім сапасын арттыруға және жас ұрпақтың болашағына инвестиция салуға бағытталады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
