Түркістан облысында діни тұрақтылықты сақтау және жастар санасына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру мақсатында семинар-тренинг ұйымдастырылды

Loading

Түркістан қаласында дін саласы қызметкерлері, дінтанушы және теолог мамандар, сондай-ақ білім беру саласының психологтары мен қала-аудандардағы жауапты мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған «Экстремизм – ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Семинардың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және М.Нәрікбаев атындағы университеттің «Ислам және қазақ құқығы орталығының» басшысы Асқар Сабдин сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

Ертай Алтаев өз сөзінде Түркістанның рухани орталық ретіндегі рөлін атап өтіп, өңірде діни тұрақтылықты сақтау, жастар санасына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту маңызды міндет екенін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлік пен тұрақтылыққа қатысты ұстанымын атап, қазіргі таңда экстремизм мен радикализмнің ақпараттық кеңістік арқылы таралу қаупі күшейіп отырғанын айтты. Сондай-ақ Биыл референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияда зайырлылық қағидасы күшейтілген. Онда дін мемлекеттен толық бөлінетіні және діни ұйымдардың мемлекеттік істерге араласа алмайтыны арнайы көрсетілген.

– Бүгінгі семинар-тренинг – өзара тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдерді меңгеруге және осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Осындай іс-шаралар арқылы біз экстремизмнің алдын алу жұмыстарын күшейтіп, өңірдегі тұрақтылықты сақтауға нақты үлес қоса аламыз, – деді ол.

Екі күнге жоспарланып, өткізілген шараның мақсаты – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастарды түрлі жат діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру бағында жұмыс атқаратын біліктілігін арттыру. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар, қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында осы салада қызмет атқаратын мамандарға бағыт-бағдар беру, жұмысын ынталандыру көзделген.

Іс-шара барысында ғалым, теолог маман Асқар Сабдин «Дерадикализацияның исламтанулық нарративтері» тақырыбында баяндама жасады. Семинардың келесі күні теолог Қайрат Құрманбаев пен психолог Айнұр Абилхайрова өз салалары бойынша өзекті тақырыптарды қозғады. Семинар-тренинг соңында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелер талқыланды.

Айта кетсек, биыл референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияда зайырлылық қағидасы күшейтілген. Онда дін мемлекеттен толық бөлінетіні және діни ұйымдардың мемлекеттік істерге араласа алмайтыны арнайы көрсетілген болатын.

Руханият демекші, Түркістандағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұлттық кітап күніне орай «Артық білім — кітапта…» атты мәдени-танымдық шара өтті. Кеш Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырылған. Жиынның ашылу салтанатына ҚР Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Бастарбекұлы, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы қатысып, рухани мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар, кешке ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі Роза Сыздыққызы, ҚР Журналистер одағының және Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Несіпкүл Мейманханқызы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Жармаханұлы қатысты. Сондай-ақ ақын Асылзат Арыстанбек, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова және жас ақын, журналист Бауыржан Ерман қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Салтанатты шара аясында облыстық кітапханалардың мерейлі жылдарына орай арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылды. Тарқата айтсақ, биыл «Фараб» кітапханасына – 5 жыл болса, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасына – 65 жыл толып отыр. Келушілер назарына сирек басылымдар мен құнды кітап қорлары ұсынылып, кітапханалардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты көрсетілді. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің бейнесі сомдалды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқыды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You