
Түркістан қаласындағы олимпиадалық стандартқа сай ескек есу арнасында триатлоннан супер-спринт қашықтығы бойынша Elite санаты және U23, U19, U17, U15, U13 жас ерекшеліктері арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Орта Азияда теңдесі жоқ, халықаралық талаптарға сай салынған ескек есу каналы еліміздің спорт инфрақұрылымындағы бірегей нысандарының бірі саналады. Заманауи кешен республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары дәрежеде өткізуге толық мүмкіндік береді.
Ел чемпионатына Астана және Алматы қалаларынан, Атырау, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген 150-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде еліміздің үздік триатлоншылары өзара мықтыны анықтайды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. 9–10 мамыр күндеріне жоспарланған ел чемпионатының алғашқы жарыс күнінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Нәтижесінде Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, облыс қоржынына 5 медаль еншіледі.
“Elite” санатында ерлер арасында Егор Крупяков қола жүлдеге ие болса, әйелдер арасында Надежда Бегмаганбетова да қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, U23 жас санатында Даяна Карим қола медаль иеленді. U19 санатында Матвей Шевнин күміс жүлдегер атанса, U17 жас ерекшелігінде Мұрат Әлхам күміс медальға қол жеткізді.
Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша түркістандық спортшылар 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен Қазақстан триатлон федерациясының бас хатшысы Сергей Майер арнайы алғыс хаттармен және медальдармен марапаттады.
Айта кетейік, ел чемпионатында үздік атанған спортшылар маусым айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Рухани шаһардағы Қазақстан чемпионаты 10 мамыр күні өз мәресіне жетеді.
Түлкібас ауданында Нұрлыбай Қасымбековты еске алуға арналған турнир өтті
Спорт тақырыбына қоса кетер тағы бір ақпарат. Бүгін аудандық Орталық стадионда Ұлы Отан соғысының жауынгері, белгілі педагог-ұстаз, «Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері», Түлкібас ауданының құрметті азаматы Нұрлыбай Тұңғышбайұлы Қасымбековті еске алуға арналған футболдан 26-шы және шахматтан 14-ші аудандық турнир өтті.
Дәстүрлі спорттық шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, спорт сүйер қауым мен жастар қатысып, майдангер ұстаздың рухына тағзым етті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Естібаев сөз сөйлеп, жыл сайын ауқымды спорттық шараны ұйымдастырып, аудан тұрғындары арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып жүрген Нұрлыбай атаның ұрпақтарына алғысын білдірді.
— Нұрлыбай Тұңғышбайұлы елге еңбегі сіңген ардақты азамат, ұлағатты ұстаз болды. Оның өнегелі өмір жолы мен еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі, — деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы әрі Нұрлыбай атаның үлкен ұлы Сәтбай Қасымбек жиналған көпшілікті 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Ал Нұрлыбай атаның екінші ұлы, академик Жақсыбай Нұрлыбайұлы және белгілі қоғам қайраткері Қайрат Айтбай сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай тағылымды турнирлер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елге қызмет ету қасиеттерін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Жарыс барысында қатысушылар футбол және шахмат сайыстарында бақ сынап, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Тартысты ойын нәтижесінде 1-орынды Шақпақ командасы, 2-орынды Майлыкент командасы, 3-орынды Майтөбе командасы иеленіп, арнайы сый-сияпаттармен марапатталды. Сонымен қатар, ойын барысында үздік өнер көрсеткен ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
