Шымкент: Қалалық орта сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасып, инфрақұрылым қарқынды жаңарып жатыр

Loading

Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатындағы инфрақұрылымдық жобалар жүйелі жүзеге асырылуда. Әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды нысанда құрылыс және жаңарту жобасы қолға алынған.

Соның бірі – Ә.Жангелдин көшесінің бойында жаңа аяқ жол салу жұмысы. Бұл жоба жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құрылыс барысында сапа талаптары мен заманауи стандарттарға ерекше мән берілуде.

Сонымен қатар Тәуке хан даңғылының асфальтын жаңарту және қайта төсеу қолға алынған.

Бұдан бөлек, «Көктем» базары аумағында толықтай сүру жұмысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі уақытта аумақты босату, ескі нысандарды бұзу және құрылыс қалдығын тазарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, атқарылып жатқан барлық жұмыс тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге және қала келбетін заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта бекітілген жоспарға сәйкес, қаланың басқа да көшелерін жол жөндеу, жаңа аяқ жолдар салу, автотұрақтарды ретке келтіру және абаттандыру кезең-кезеңімен жалғасады.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде ірі қалалардың тұрақты дамуы ең алдымен заманауи қалалық орта қалыптастырумен тікелей байланысты. Урбанизация үдерісінің қарқынды жүруі инженерлік желілерді жаңғыртуға, көше инфрақұрылымын жетілдіруге және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты республика көлемінде тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Соңғы жылдары елімізде жол-көлік жүйесін дамыту, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа қолайлы қалалық орта қалыптастыру, көлік инфрақұрылымын жетілдіру және қалалардың сәулеттік келбетін жүйелі дамыту мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Президент өз Жолдауларында қалаларды дамыту кезінде ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасына басымдық берілуі қажет екенін атап өткен еді.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар көлік қозғалысын реттеуге, экологиялық ахуалды жақсартуға және қала тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Әсіресе, жаяу жүргіншілер аймақтарын көбейту, көшелерді жаңғырту және ескі нысандарды ретке келтіру мегаполистің заманауи талаптарға сай дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі таңда республика бойынша ірі қалаларда ескі инфрақұрылымды жаңарту мен қоғамдық кеңістіктерді қайта ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылықты арттырып, шаһарлардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Мамандар алдағы уақытта да қалалық ортаны жаңғыртуға бағытталған кешенді жобалар жалғасып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз кеңістік қалыптастыру басты назарда болатынын атап өтуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You