![]()
Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2026 жылдың I тоқсанындағы Қаратау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев егжей-тегжей тоқталды.
Оның айтуынша, Шымкент қаласындағы Қаратау ауданында 2026 жылы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аудан аумағы 19 500 гектарды құрап, мұнда 331 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй, 668 көпқабатты тұрғын үй және 223 әлеуметтік нысан орналасқан.
Биылғы негізгі басымдықтардың бірі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауданның инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту болып табылады. Осы бағытта жолдарды жөндеу мен көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауданның инфрақұрылымдық жүйелермен қамтылу деңгейі жоғары. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту көрсеткіші – 99 пайызды, электр жарығы – 99 пайызды, ал табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді толықтай 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылы үш елді мекеннің жаңақұрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, «Таскен», «Сайрам» тұрғын алаптары мен «Гидрогеолог» шағынауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, аудан аумағындағы ескі су құбырларын жаңарту және қайта жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қорыта айтқанда, Қаратау ауданында қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар – Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Әсіресе, жаңақұрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, инженерлік желілердің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде мегаполисте халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайыздан асты. Сонымен қатар, қалада жаңа тұрғын алаптарын инженерлік желілермен қамту, ескі су құбырларын жаңарту және коммуналдық жүйелердің тозуын азайту бағытында ауқымды жобалар іске асуда.
Қаратау ауданындағы бұл жұмыстар – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан мегаполистің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта жоспарланған жобалардың толық жүзеге асуы аудан тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен толық қамтып, Шымкенттің заманауи әрі қолайлы қала ретіндегі дамуына серпін береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
