Брифинг: Қаратау ауданында жасыл аймақтарды көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді

Loading

Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2026 жылдың I тоқсанындағы Қаратау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев жан-жақты айтып өтті.

Расында да, Қаратау ауданында қолайлы экожүйе қалыптастырып, жасыл аймақтарды көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қазіргі таңда аудан аумағында 4 саябақ пен 32 гүлзар тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ал 2026 жылы қосымша 10 гүлзар салу жоспарланып отыр.

Жаңа гүлзарлар «Алтын Орда» шағынауданындағы Ерліктау, Текес және Төртқұдық көшелерінде, «Мирас» шағынауданындағы Жетіқоңыр көшесінде, «Нұрсәт» шағынауданындағы Т.Назарбеков көшесінде бой көтермек. Сонымен қатар «Тұран» шағынауданында «Әдия 1», «Әдия 2» тұрғын үй кешендерінің маңында және Шырайлы көшесінде, сондай-ақ «Нұртас» шағынауданында да гүлзарлар салу жоспарланған.

Бұл жұмыстар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Осы тұста атап өтерлігі, Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Ол жобаларға жергілікті тұрғындар ұсыныс берген. Атап айтқанда, жоғарыда айтқан Мирас шағынауданындағы Жетіқоңыр көшесінде бұрынғы ескі қоқыс алаңының орнына жаңа гүлзар салынып жатыр. Жалпы аумағы 9,6 соттықты құрайтын нысанда қазіргі таңда құрылыс жұмысының 80 пайызы аяқталған. Алдағы уақытта учаскені абаттандыру толық аяқталып, тұрғындардың жайлы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістік пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Нұрсәт шағынауданындағы №83 үйдің ауласындағы спорт алаңы қайта жаңартылды. Ал №88 үйдің ауласында жаңа спорт алаңы салынды. Қазіргі таңда бұл нысандарда соңғы ретке келтіру және толықтыру жұмысы жүргізілуде.

“Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру”, — дейді Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев.

Қысқасы, Қаратау ауданында жүзеге асып жатқан көгалдандыру және абаттандыру жобалары тұрғындарға жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған. Жасыл аймақтардың көбеюі ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, халықтың тынығуына қолайлы қоғамдық кеңістіктер санын арттыра түседі. Бұл бастамалар Қаратау ауданының көркеюіне және өмір сапасының артуына оң әсерін тигізбек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You