Брифинг: Еңбекші ауданында ауыз сумен қамту деңгейі – 97 пайызға, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41 пайызға жеткен

Loading

Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан ірі аудандардың бірі саналады. Қазіргі таңда аудан аумағы 22 800 гектарды құрап, мұнда 230 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Сонымен қатар, 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 16 гүлзар, 280 көпқабатты және 38 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2026 жылғы І тоқсандағы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы Есілбек тереңірек тоқталды.

Аудан әкімінің аппараты тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Бүгінде аудан аумағының негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтқанда, ауыз сумен қамту деңгейі – 97 пайызды, электр жарығы – 99,8 пайызды, табиғи газ – 97 пайызды, асфальт жол 96,5 пайызды құрайды. Ал кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41 пайызға жеткен.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде ауыз сумен қамту мәселесіне басымдық берілген.

2025 жылдың қорытындысына орай халық шоғырланған аумақтар ауыз сумен толық қамтылды. Сонымен қатар, Жастар көшесі, «Қазығұрт» станциясы аумағы және Оңтүстік-Жаңақұрылыс учаскесін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоба әзірленді. Қазіргі таңда аталған нысан мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. 2026 жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Сонымен қатар Еңбекші ауданында көше жарықтандыру жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылмен қоса есептегенде, ауданда жалпы 361 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Ал 2025 жылы 367 көшені жарықтандыру жоспарланып, бүгінде барлық көшелерде жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне оң әсерін тигізуде.

Мұнан өзге 2026 жылға жарық жүйелерін күтіп ұстау мақсатында Еңбекші КММ жанынан арнайы электр бригадалары құрылып, тұрақты түрде ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 6 көшенің жарық жүйесін жаңарту бойынша ұсыныстар енгізіліп, Қапал батыр көшесінде қосымша жарық бағаналарын орнату жұмыстары атқарылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You