![]()
2025 жылғы негізгі көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласы цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мегаполис — «Smart City Ranking 2025» рейтингісінде республика бойынша 3-ші орында. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент Астана және Алматы қалаларынан кейінгі үздік үштікке еніп, цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған рейтинг қаланың цифрлық жобаларды тиімді жүзеге асырып жатқанын және Smart City бағыты бойынша тұрақты даму динамикасын қалыптастырғанын айқындайды.
“Smart City” көрсеткіші 2025 жылы 82%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өскен. Бұл өсім қала инфрақұрылымын цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, бейнебақылау және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағыттарындағы жұмыстардың нәтижесі болып табылады.
Сонымен қатар «Ашық үкімет» бағыты бойынша да оң динамика сақталды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артты. Бұл мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтармен кері байланысты күшейту және электрондық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша атқарылған шаралардың тиімділігін көрсетеді.
2024 жылдың қорытындысында “Smart City” көрсеткіші 76% деңгейінде болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға дейін өсті. Ал Ашық үкімет бағыты бойынша көрсеткіш 97%-дан 100%-ға дейін көтерілді.
Бұл нәтижелер Шымкент қаласында цифрландыру саласының тұрақты түрде дамып келе жатқанын, заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және тиімді қалалық орта қалыптастыру жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.
Түйін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын және экономиканың жаңа сапалы өсімін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі ретінде айқындап келеді. Осы мақсатта елімізде жасанды интеллект технологияларын енгізу, мемлекеттік қызметтерді толық цифрлық форматқа көшіру және «ақылды қалалар» экожүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шымкенттің республикалық рейтингте үздік үштікке енуі – цифрлық шешімдердің нақты нәтижеге жұмыс істей бастағанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Бұл жетістік қаланың технологиялық даму қарқынын ғана емес, басқару сапасының, деректерге негізделген шешім қабылдау мәдениетінің және азаматтарға бағдарланған қызмет көрсету жүйесінің қалыптасқанын аңғартады. Алдағы кезеңде цифрлық трансформацияның тереңдеуі инвестициялық тартымдылықты арттырып, қалалық инфрақұрылымның тиімділігін күшейтіп қана қоймай, Шымкенттің еліміздегі инновациялық даму орталықтарының біріне айналуына берік негіз қалайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
