Шымкентте кәріз желілері заманауи әдіспен жаңартылып жатыр

Loading

Шымкентте инженерлік инфрақұрылым көшені қазбай-ақ, заманауи технология арқылы жаңартылуда. Бүгінде тозығы жеткен кәріз желілерін жаңарту барысында шетелдік “Hebei HUANSHUI Pipe Industry Co., Ltd.” компаниясының кеңінен қолданылып жүрген спиральді бұрау технологиясы пайдаланылып жатыр. Бұл әдіс жол жабынын бұзбай және қалалық инфрақұрылымға зиян келтірмей ескі құбырларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Технологияның мәні – арнайы жабдықтың көмегімен қолданыстағы тозған құбырдың ішінен жаңа полимерлі құбыр қалыптастыру. Ол спиральді бұрау әдісі арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде инженерлік желілердің ұзақ жылдар бойы сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін берік әрі төзімді құрылым пайда болады.

Технологияның басты артықшылығы – жұмысты ауқымды жер қазбай-ақ жүргізу мүмкіндігінде. Бұл жол жабынын сақтауға, көлік қозғалысын шектемеуге және қала тұрғындарына келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыс мерзімі едәуір қысқарып, абаттандыруды қалпына келтіру мен жер қазуға кететін шығын төмендейді.

Қазіргі таңда «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мамандары технологияны қытайлық серіктестерден меңгеріп, іс жүзінде қолданып жатыр. Жергілікті мамандарды оқыту, тәжірибе алмасу және кәріз желілерін қайта жаңартудың заманауи әдістерін енгізу тұрақты жүргізіліп отырады.

Алдағы уақытта бұл технологияны Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту барысында кезең-кезеңімен кеңінен қолдану жоспарлануда. Заманауи траншеясыз әдісті пайдалану кәріз желілерінің сенімділігін арттырып, пайдалану шығындарын азайтуға және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Айта өтейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты шарттарының бірі ретінде атап келеді. Осыған сәйкес Үкімет елімізде тозығы жеткен су, жылу және кәріз желілерін кезең-кезеңімен жаңарту, коммуналдық секторға инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Шымкентте қолға алынған траншеясыз жаңғырту тәсілі осы міндеттердің заманауи әрі тиімді шешімдерінің бірі саналады. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын мұндай технологиялар жөндеу жұмыстарын жеделдетіп қана қоймай, қалалық ортаға түсетін жүктемені азайтып, инфрақұрылымның қызмет ету мерзімін ұзартады. Нәтижесінде мегаполистің инженерлік жүйелерінің сенімділігі артып, коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік туады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You