
Шымкент қаласында қолайлы әрі көрікті қалалық орта қалыптастыру мақсатында гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мамандар күн сайын гүлдерді суарып, арамшөптерден тазартып, топырағын қопсыту жұмыстарын атқарады.
Қаланың эстетикалық келбетін сақтау және гүлзарлардың сәнін арттыру мақсатында маусымдық агротехникалық шаралар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар гүлдердің жайқалып өсуіне және қала аумағының көркеюіне оң әсерін тигізеді.
Көгалдандыру бағдарламасы аясында шаһарда жыл сайын маусымдық және көпжылдық гүлдер отырғызылады. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасып, қаланың негізгі көшелері, айналма жолдары, саябақтары, гүлзарлары мен қоғамдық кеңістіктері түрлі гүлдермен безендірілуде.
Бүгінгі таңда мегаполис аумағына 800 мыңға жуық гүл көшеті егілді. Гүлдерді отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары маусым бойы жалғасады. Осы мақсатта арнайы техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Шымкентте соңғы жылдары көгалдандыру мен экологиялық тұрақтылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Биыл қала аумағында тік көгалдандыру жобасы кеңінен қолға алынып, негізгі көшелер мен қоғамдық кеңістіктерге 1683 арнайы гүл конструкциясын орнату жоспарланған. Сонымен қатар жүздеген вазондар, сәндік гүл құмыралары мен жарық бағаналарына арналған көгалдандыру элементтері орналастырылуда.
Сондай-ақ Шымкент сити аумағындағы ірі саябақтың екінші кезеңінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба аясында қосымша жасыл аймақтар, серуендеу жолақтары, гүлзарлар, бақылау алаңдары мен демалыс орындары салынып, қала тұрғындары үшін жаңа рекреациялық кеңістік қалыптастырылуда.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Шымкентте тұрақты түрде жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде саябақтар, скверлер мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы жақсарып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мен қалалардың өмір сүруге қолайлы болуын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде белгілеп келеді. Осыған сәйкес Үкімет «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және жасыл инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Шымкентте қолға алынған кешенді көгалдандыру жұмыстары, гүлзарларды көбейту және жаңа саябақтарды дамыту бастамалары мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, оның туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде жасыл кеңістіктердің көбеюі тұрғындардың өмір сапасына, қоғамдық денсаулыққа және қаланың инвестициялық әлеуетіне оң әсер ететіні дәлелденген. Сондықтан Шымкенттің гүлге оранған келбетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қаланың тұрақты дамуы мен жайлы урбанистикалық ортаны қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
