![]()
Шымкент қаласында өткен жылы шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері өндірген өнім көлемі 4 684 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 34,5%-ға артты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар қалада 259 мың адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылды. Көрсеткіш 5,9%-ға өсіп, Шымкент өңірлер арасында 2-ші орынға шықты.
Айта кетейік, бүгінде мегаполисте жалпы 141 957 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлікті дамыту және бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді.
Ауыз толтырып айтарлығы, Шымкент қаласының 4 айдағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор өсімі 10,4 %-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен (өсім 4,2 %) жоғары.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты оң динамика қалыптасты. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 518,1 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 3,3%-ға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өсім 1,9%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Жалпы өнім көлемі 18,7 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға өсті.
Құрылыс саласында жоғары өсім қарқыны сақталуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 33%-ға артып, 70,6миллиард теңгені құрады.
Сонымен қатар, 4 айдың қорытындысына сәйкес, 355,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары болды.
Сауда саласында да өсім тіркелді. Жалпы сауда көлемі 1 017,8 миллиард теңгені құрап, 17,1%-ға артты.
Қызмет көрсету секторында көлік қызметінің көлемі 147,8 миллиард теңгеге жетіп, 9%-ға өсті.
Байланыс қызметі 5,1 миллиард теңгені құрап, 7,4%-ға артты.
Есепті кезеңде қала экономикасына 145,3 миллиард теңге инвестиция тартылды.
P.S. Жалпы, Шымкент бүгінде Қазақстандағы экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторының республикалық деңгейден 2,5 есеге жуық жоғары болуы мегаполистегі бизнеске қолайлы ахуал мен инвестициялық белсенділіктің нақты нәтижесін көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санының артуы, өндіріс көлемінің триллион теңгемен өлшенетін деңгейге жетуі және жүздеген мың тұрғынның осы салада жұмыспен қамтылуы Шымкент экономикасының тұрақтылығы мен әлеуетін айқындайды. Мемлекет басшысы алға қойған экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті қолдау міндеттері аясында мегаполистің бұл қарқыны алдағы кезеңде де сақталып, қаланың еліміздің ең ірі іскерлік және инвестициялық орталықтарының бірі ретіндегі рөлін одан әрі күшейте түспек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
