Түркістан облысы: Сарыағаш пен Жетісай аудандарында “Мөлдір бұлақ” аясында арықтар мен ирригациялық жүйелер тазартылды

Экологиялық акция Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында табиғатты қорғау, су көздерінің тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бастаған аудан басшылығы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған жұмыстарға белсене атсалысты.

Акция барысында республикалық маңызы бар магистралды канал мен оның айналасы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар арнайы техникалардың көмегімен «Рамадан» каналының арнасы қоқыстардан тазартылып, су өткізу қабілетін жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесінде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, аудан көлемінде 50 шақырым арық-атыздар мен 70 шақырым ирригациялық жүйелер тазартылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында бүгін Жетісай ауданына қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде де «Мөлдір бұлақ» акциясы мен «Өзіңнен баста» экологиялық челленджі өтті.

Акция барысында Қызылқұм, Ж.Ералиев, Абай және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында жүргізілген тазалық жұмыстарына мыңнан астам адам мен 13 техника жұмылдырылып, 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі, су қоймасы жағалауындағы тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, арнайы бекітілген аумақтарында жұмыстар жүргізді.

– Қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор, – дейді ұйымдастырушылар.

Одан бөлек, күнделікті жүргізіліп отырған сенбілік аясында да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартуда. Сонымен қатар сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазалануда.

Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатынын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылғанын айтады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You