
Әуелі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың “Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd.” компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде жылыжай кешендерін әртараптандыру, гүл шаруашылығын дамыту және көгалдандыру бағытындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар жергілікті шаруалармен бірлесіп жұмыс істеу, өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен сәндік ағаш көшеттерін өсіру, сондай-ақ заманауи жылыжай технологияларын енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
Облыс әкімі ұсыныстар жіті зерделеніп, тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Жақында Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Бүгінде өзара әріптестік байланыстар нығайып келеді. Біз өңір экономикасына серпін беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен ағаш түрлерін өсіруді ұсынамын. Жергілікті шаруалармен байланыс орнатуға көмектесеміз. Сынақ кезеңі сәтті аяқталған жағдайда жобаны кеңейтуге қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында инвесторлар Түркістан облысында гүл шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді. Қазіргі таңда компания Сарыағаш ауданында бұталы раушан гүлдерін тәжірибелік негізде егу жұмыстарын бастап кеткен. Алғашқы сынақ нәтижелері оң болған жағдайда жоба аясын кеңейтіп, гүл өсірілетін алқап көлемін 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, өндірілетін гүл өнімдеріне Орталық Азия елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Осыған байланысты Түркістан облысында экспортқа бағдарланған өндірісті дамытуға мүмкіндік бар.
Кездесу қорытындысында компания өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген гүлдер мен сәндік ағаштардың бірнеше түрін сынақ ретінде отырғызуды бастайтын болды. Сынақ кезеңінің нәтижелері оң болған жағдайда жобаны одан әрі кеңейту және әкімдік тарапынан қолдау көрсету мәселелері қарастырылады.
Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров “SP ООО «ZHONGTIAN CHEMICAL» компаниясының өкілдерімен де кездесті. Басқосуда Қазығұрт ауданында инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында компания өкілдері өңірде іске асыру жоспарланып отырған жобаның негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелерін таныстырды. Сондай-ақ өндіріс орнын орналастыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімін анықтау және инвестициялық ахуалға қатысты мәселелер қаралды. Облыс әкімі Түркістан өңірінде инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтіп, өндіріс орындарын ашу мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында инвесторларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, жобаны жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар мен жоспарлар қаралды. Жоба жан-жақты зерделенетін болды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысына 5 айда 614,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өсім 150,5%-ды құрады. Облыста 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, 17820 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде, шетелдік капиталдың қатысуымен 608,9 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 7 799 жұмыс орны құрылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
