Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын жүйелеп, азық-түлік логистикасын дамытуға бағытталған жаңа сауда орталығы ашылды

Loading

Шымкентте сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды жоба іске қосылды. Қаланың Тассай елді мекенінде заманауи талаптарға сай бой көтерген «FOOD CITY» көтерме сауда орталығы өз жұмысын бастады. Көкөніс пен жеміс-жидек саудасын жүйелеумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жаңа кешен алдағы уақытта мегаполистегі ірі логистикалық орталықтардың біріне айналмақ.

Жаңа сауда орталығының ашылуына Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев қатысты. Оның айтуынша, бұл кешен тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, қарапайым тұтынушылар үшін де маңызды әрі қолайлы сауда орталығы болмақ. Салтанатты шараға кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, белгілі спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында көпшілікке ақ дастархан жайылып, құдайы ас берілді.

30 жылдан бері сауда саласында тәжірибе жинаған кәсіпкер, «FOOD CITY» базарының құрылтайшысы Сәбира Орманованың айтуынша, жаңа жобаның басты мақсаты – сауда жүйесін реттеп, халыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну.

– Біз бұл базарды тек сауда орны ретінде емес, өңірдің азық-түлік айналымын жеңілдететін ірі логистикалық орталық ретінде қалыптастырғымыз келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келетін көкөніс пен жеміс-жидекпен қатар, отандық азық-түлік өнімдері де осында көтерме бағамен саудаланады. Тұтынушы күнделікті қажет өнімнің барлығын бір жерден таба алады. Ең бастысы – сапа мен қолжетімділікке басымдық беріп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Сауда және логистика инфрақұрылымын дамыту – өңір экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты сапалы өніммен қамту және сауда тізбегіндегі артық шығындарды азайту міндетін үнемі назарда ұстап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте ашылған жаңа көтерме сауда орталығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтып, өңіраралық сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи логистикалық шешімдер мен қолжетімді баға саясаты мегаполистің азық-түлік нарығын тұрақтандырып, кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You