Сауран ауданы: Оранғай ауылдық округінде бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр

Бұл туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен Оранғай ауылдық округінде тұрғындармен есеп беру кездесуінде айтылды. Кездесу барысында округ әкімі Берік Қуандық 2026 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында 2 941 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік жерлерді игеру жоспары толық орындалып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артты. Инфрақұрылымды дамыту бағытында ауыз су, газ және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оранғай, Қосқорған және Бостандық елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар Оранғай ауылында ішкі газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде.

Кездесу барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысына ерекше назар аударылды. Оранғай–Қосқорған бағытында жаңа мал бордақылау алаңының құрылысы басталып, алғашқы шаруашылықтар құрылыс жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 7 миллиард теңгені құрайтын бір реттік ыдыс-аяқ өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жоба іске қосылғанда 65 жаңа жұмыс орны ашылады.

«China Energi LTD» компаниясы жүзеге асыратын күн электр станциясының жобасы бастау алды. Инвестиция көлемі 160 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлерді тыңдап, өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемелер өкілдерімен кездесті. Жұмыс сапары барысында аудан басшысына Оранғай елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету және Бостандық елді мекенін электр желісімен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Мердігер ұйымдар құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысы жөнінде баяндап, жобалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You