Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» аясында экологиялық жағдайды жақсартуға және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жалғасып келеді

Loading

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласының прокуратурасының үйлестіруімен қала аумағында экологиялық жағдайды жақсартуға және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жалғасын табуда.

Аталған жұмыстарға құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылып, заңсыз қоқыс орындарын анықтау, оларды жою және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылдануда. Өткізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде қала аумағынан бірқатар заңсыз тұрмыстық қалдықтар жиналған орындар анықталып, аумақтарды тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен тазалық талаптарын сақтау бағытында тиісті шаралар қабылдануда.

Құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында бақылау және мониторинг тетіктері қолданылып, уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Экологиялық талаптарды сақтамаған тұлғаларға заңнама талаптарына сәйкес тиісті жауаптылық қарастырылған.

Жауаптылық демекші, 1 шілдеден бастап абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Нақтырақ тарқатсақ, үйге іргелес аумақта қоқыс пен құрылыс қалдықтары, арамшөп пен қураған шөптің жиналуына жол берілмеуі тиіс.

Ал айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың нақты бабына байланысты анықталады. Жеке тұрғын үй иелері өз үйлеріне іргелес аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті.

Қоқыс, құрылыс қалдықтары, қураған шөп, арамшөп және ұзақ уақыт сақталған заттар ортақ пайдаланудағы аумақта жиналмауы тиіс. Бірақ маңызды нюанс бар: «әр үйдің дәл 5 метр жеріне міндетті түрде айыппұл салынады» деген норма құжатта тікелей жазылмаған. Ресми түсіндірмелерде әңгіме іргелес аумақты күтіп ұстау және қоқыс пен заттарды үйіп сақтамау туралы болып отыр.

Расы керек, «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде бір реттік сенбілікпен шектелмейтін, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық экологиялық қозғалысқа айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл акцияны ұсынғанда тазалықты сақтау тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ерекше атап өткен болатын. Осы бағытта елімізде елді мекендерді абаттандыру қағидалары жаңартылып, қоғамдық орындардың тазалығына қойылатын талаптар күшейтілуде. Түркістан қаласында прокуратура, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы заңсыз қоқыс орындарын жоюмен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға да бағытталған. Өйткені таза әрі көрікті қала – тұрғындардың өмір сүру сапасының, қоғамдық жауапкершіліктің және өңірдің туристік тартымдылығының маңызды көрсеткіші. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналғанда ғана «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты толық жүзеге асады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You