![]()
Түркістан қаласында халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі тиімді ұсынуға бағытталған жаңа форматтағы “Smart Point” цифрлық ХҚКО өз жұмысын бастады. Заманауи орталық азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуына мүмкіндік беріп, цифрлық сауаттылықты арттыруға және мемлекеттік сервистерді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысты.
Жаңа форматтағы “Smart Point” орталығы бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Экспресс-аймақта азаматтар жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді құжаттандыру терминалы арқылы өздігінен рәсімдей алады. Сонымен қатар келушілер “AlemGPT” сервисінің мүмкіндіктерімен танысып, цифрлық аймақта мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алып, қажетті құжаттармен жұмыс істей алады. Ал күрделі мәселелер бойынша сараптамалық аймақта мамандар кеңес береді. Бұдан бөлек, цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту және ақпараттандыру аймақтары, сондай-ақ келушілерге арналған жайлы демалыс орны қарастырылған.
Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, өңір тұрғындары үшін заманауи сервистік инфрақұрылымды дамытуға және қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Айта кетейік, “Smart Point” цифрлық ХҚКО форматы алғаш рет Ұлытау облысында іске қосылған болатын. Енді бұл заманауи қызмет көрсету үлгісі Түркістан тұрғындарына да қолжетімді.
Түркістан қаласында жаңа форматтағы “Smart Point” цифрлық ХҚКО-ның ашылуы – мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін цифрландырудың және азаматтарға қолайлы сервистік орта қалыптастырудың маңызды кезеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды толық цифрлық форматқа көшіруді стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде белгілеп, халыққа қызмет көрсету сапасы ең алдымен оның қолжетімділігімен, жылдамдығымен және ашықтығымен өлшенуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшіріліп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты цифрлық платформалар арқылы ұйымдастыруға ерекше мән беріліп келеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда электрондық үкімет пен цифрлық мемлекеттік сервистердің даму қарқыны айтарлықтай өсті. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта қолжетімді, ал олардың негізгі бөлігі eGov платформасы, мобильді қосымшалар және өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелері арқылы көрсетіледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да халыққа қызмет көрсетудің жаңа моделіне көшіп, кеңес беруден гөрі азаматтардың қызметті өздігінен алуына жағдай жасайтын Smart форматтағы орталықтарды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл тәсіл қызмет көрсету уақытын қысқартып қана қоймай, цифрлық сауаттылықты арттыруға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Түркістан облысында да цифрлық трансформация қарқынды жалғасуда. Өңірде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, «ақылды қала» элементтерін енгізу, қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін цифрландыру, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы электронды сервистерді дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Енді осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде іске қосылған “Smart Point” цифрлық ХҚКО тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді бұрынғыдан да жылдам, ыңғайлы әрі заманауи форматта алуға мүмкіндік береді.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «адамға бағдарланған мемлекет» қағидатының нақты көрінісі болып табылады. Өйткені цифрландырудың түпкі мақсаты – жаңа технологияны енгізудің өзі емес, азаматтардың уақытын үнемдеу, қызмет сапасын арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Сондықтан Түркістандағы жаңа форматтағы цифрлық ХҚКО өңірдің цифрлық инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік қызмет көрсету мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін, заманауи әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды жобалардың біріне айналмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
