Түркістандық шахматшы Орталық Азия чемпионы атанды

Loading

Түркістандық шахматшы Нұрислам Сұлтанхан Орталық Азия чемпионатында блиц шахматынан топ жарып, чемпион атанды.

Дарынды спортшы 7 тур қорытындысы бойынша 6,5 ұпай жинап, 86 қатысушы бақ сынаған халықаралық додада жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл – Түркістан спорты үшін үлкен жетістік әрі жас спортшыларға үлгі болатын жеңіс.

Нұрисламды жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Алар асуы биік, жеңістері жалғаса берсін!

Түркістанда ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтіп жатыр

Айтпақшы, Түркістан қаласында алғаш рет ауыр атлетикадан жеке жаттығулар бойынша 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы ҚР жекелей және командалық чемпионаты өтуде. Бүгін аталған жарыстың ресми ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті, бас хатшысы Мадина Астамирова, ауыр атлетикадан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Асқар Кадиров және Түркістан облысы ауыр атлетика федерациямының президенті Алмасхан Жамбаев қатысты.

– Сіздерге әділ бәсеке, биік рух және жаңа рекордтар мен жарқын жеңістер тілеймін!

Түркістан төрінде бақ сынаған әрбір жас таланттың бағы жанып, әлемдік деңгейдегі олимп шыңдарын бағындыра берсін! – деген

Ертай Алтаев спортшыларға сәттілік тілеп, ауыр атлетика спортының маңызына тоқталып өтті.

Жалпы, аталған жарысқа еліміздің 13 өңірінен спортшылар қатысуда. 4 шілдеден басталған бәсекеге Түркістан облысынан 9 жігіт және 4 қыз қатысып жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан құрама командасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде бар. 11 шілдеге дейін созылатын жарысқа жалпы Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының спортшылары қатысып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамыту – ұлт денсаулығын нығайтудың ғана емес, елдің халықаралық беделін арттыратын маңызды бағыттардың бірі екенін үнемі атап келеді. Мемлекет басшысы спорт инфрақұрылымын кеңейту, балалар мен жасөспірімдер спортына қолжетімділікті арттыру және талантты жастарды қолдау жөнінде нақты міндеттер жүктеп, «мықты ұлт – дені сау әрі жігерлі жастардан құралады» деген ұстанымды алға тартып отыр. Осы саясаттың нәтижесінде елімізде бұқаралық спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың саны 8,4 миллионнан асып, бұл халықтың 41 пайыздан астамын құрайды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің желісі кеңейіп, мыңдаған жас спортшы халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатуда.

Түркістандық Нұрислам Сұлтанханның Орталық Азия чемпионатындағы жеңісі – өңір спортының әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқанының айқын дәлелі. Шахмат бүгінде интеллектуалдық спорт түрі ғана емес, жастардың логикалық ойлауын, стратегиялық шешім қабылдау қабілетін және зияткерлік әлеуетін дамытатын маңызды құрал ретінде бағаланады. Сондықтан халықаралық деңгейдегі мұндай жетістіктер өңірдегі жас шахматшыларға үлкен серпін беріп, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

Сонымен қатар Түркістанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының өткізілуі де қаланың спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің артқанын көрсетеді. Соңғы жылдары облыста заманауи спорт кешендері салынып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдау тәжірибесі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде спорттық туризмнің дамуына, өңір экономикасына қосымша серпін беруге және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық ретінде ғана емес, мәдениет пен туризмнің, сондай-ақ спорттың маңызды алаңына айналып келеді. Халықаралық шахмат чемпионатындағы алтын жүлде мен ел чемпионатының тарихи шаһарда өтуі – осы өзгерістердің нақты көрінісі. Мұндай табыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі – дені сау, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатына толық үндеседі. Өйткені спорттағы әрбір жеңіс – жеке спортшының ғана емес, өңірдегі жүйелі жұмыстың, мемлекеттік қолдаудың және жастардың мақсатқа ұмтылған жігерінің жемісі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You