Сауран ауданының кәсіпкері көкжидек (голубика) өсіру жобасын қолға алды

Loading

Сауран ауданының делегациясы Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде аудан кәсіпкері Дилназа Анарбайқызы көкжидек (голубика) өсіру жобасын қолға алды.

Келісімге сәйкес алғашқы партия ретінде 300 түп көкжидек көшеті жеткізіліп, оны жергілікті климат жағдайында өсіру жұмыстары басталды. Сонымен қатар кәсіпкер гортензия гүлінің көшеттерін өсіру бағытын да қатар дамытып келеді.

Жоба аясында заманауи жеміс-жидек және сәндік өсімдіктер өсіру тәжірибесін енгізу көзделуде. Бұл бастама Сауран ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, мамыр айының соңында Сауран ауданы делегациясының Өзбекстан Республикасына жасаған екі күндік жұмыс сапары қорытындыланды. Іссапар аясында өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және кәсіпкерлік салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде көкжидек және гортензия көшеттерін жеткізу, 500 тонналық тоңазытқыш кешенін орнату, қан өңдеу және мал сою алаңына арналған жабдықтар сатып алу, агрохимиялық тыңайтқыштар, кондитерлік өнімдер мен жиһаз өндірісі бағыттарындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ташкент облысында ұйымдастырылған «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес алаңы Қазақстан мен Өзбекстанның іскерлік қауымдастығы өкілдерін бір жерге жинады. Іс-шараға екі өңірден келген 200-ге жуық кәсіпкер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысып, өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу аясында Сауран ауданы мен Шыршық ауданы арасында өзара серіктестік қатынастарын дамыту жөніндегі меморандум рәсімделді. Құжат әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өңіраралық байланыстарды жүйелі түрде дамытуға жол ашады.

Айта кетейік, аталған іс-шара барысында Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт және Сарыағаш аудандары да Ташкент облысындағы серіктес аудандармен өзара байланыстарды дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойып, өңірлер арасындағы әріптестіктің аясын кеңейтті.

Иә, Сауран ауданында көкжидек өсіру жобасының қолға алынуы – дәстүрлі егіншілікпен қатар жоғары табыс әкелетін жаңа агробизнесті дамытуға бағытталған маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, өнімділікті арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және экспортқа бағдарланған жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін көбейтуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді. Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары өңірде қарқынды бау-бақша шаруашылығы, жылыжай кешендері, жеміс-жидек өсіру және қайта өңдеу бағытындағы инвестициялық жобалар көбейіп, заманауи агротехнологиялар кеңінен енгізілуде. Осы тұрғыдан алғанда, Саурандағы көкжидек пен гортензия өсіру бастамасы өнім түрлерін әртараптандыруға, фермерлердің табысын арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Өзбекстанмен орнатылған өндірістік әрі технологиялық әріптестік, бірлескен инвестициялық жобалар мен тәжірибе алмасу өңірдің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Мұндай бастамалар ауыл кәсіпкерлігін жандандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қызмет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You