Сауран ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстары жүйелі жалғасып келеді

Loading

Сауран ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданның барлық ауылдық округтерінде санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Шорнақ ауылдық округінде «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында санитарлық тазалық талаптарының сақталуына кезекті мониторинг жүргізілді. Арнайы жұмыс тобы ауыл көшелерін, қоғамдық орындар мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды аралап, санитарлық талаптардың орындалуын тексерді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, құқық бұзушыларға ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал Шаға және Ескі Иқан ауылдық округтерінде көше бойлары, қоғамдық орындар, жол жиектері мен ортақ пайдаланылатын аумақтар қоқыстан тазартылып, арамшөптер шабылды. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар күнделікті жүргізіліп, ауылдардың көркін арттыруға басымдық берілуде.

Бостандық елді мекенінде де кезекті тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілер жолдарының бойы ретке келтірілді. Балалар ойын алаңдарының айналасы тазартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылды.

Экологиялық акция аясындағы ең ауқымды шаралардың бірі Оранғай ауылдық округіндегі Қарашық өзенінің жағалауында өтті. Жалпы аудандық сенбілікке аудан әкімінің міндетін атқарушы А. Сихымбай, ауылдық округ әкімдері, аудандық бөлімдер мен коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенді қатысты. Қатысушылар өзен жағалауы мен қоғамдық аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.

Сенбілік барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. «Тазалық балалар көзімен» айдарында мектеп жасындағы балалардың қатысуымен танымдық ойын-сайыс өткізіліп, жас буын табиғатты қорғаудың маңызын іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар ауданның еріктілері мен белсенді жастары жалғызбасты ананың үйіне барып, ауласы мен айналасын тазалап, қазақтың асар дәстүрін жаңғыртып, жанашырлық пен бірліктің үлгісін танытты.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тек сенбілік өткізумен ғана шектелмей, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және туған жердің тазалығына деген ортақ көзқарасты нығайтуға бағытталған. Аудан көлемінде қолға алынған мұндай игі бастамалар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоғамда тазалықты өмір салтына айналдыруға негіз болуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы бір күндік сенбілікпен шектелмей, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Биыл да бұл бастама өз жалғасын тауып, Президент 2026 жылғы 25 сәуірде Астанада өткен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арнайы қатысып, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Мемлекет басшысы тазалық мәдениетін қалыптастыру, елді мекендерді көгалдандыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – орнықты дамудың маңызды бағыты екенін ерекше атап өтті.

Сауран ауданында жүйелі түрде өткізіліп жатқан сенбіліктер, санитарлық тазалық шаралары мен абаттандыру жұмыстары осы мемлекеттік саясаттың жергілікті жердегі нақты көрінісіне айналып отыр. Ауылдық округтерде көшелердің, қоғамдық орындар мен өзен-көлдердің тазалығы тұрақты бақылауда болып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде. Туған жердің тазалығын сақтау – тек коммуналдық қызметтердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан «Таза Қазақстан» аясындағы мұндай игі бастамалар Сауранның көркеюіне ғана емес, жауапты әрі экологиялық санасы жоғары қоғам қалыптастыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You