Кентау шаһарында жастар арасында спортты дамытып, салауатты өмір салтын дәріптеуге назар аударылады

Loading

Кентау қаласында жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және мәдени іс-шаралар арқылы зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл мәселелер қала әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың кезекті отырысында кеңінен талқыланды.

Жиынды Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жүргізіп, жастардың денсаулығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Күн тәртібіне сәйкес қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұр Байболова 2026 жылы нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар жастарды мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға кеңінен тарту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.

Отырыс барысында Байылдыр ауылы әкімінің міндетін атқарушы Саден Сопбеков пен «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Азат Сұлтан жастар арасында есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарланған іс-шаралар жөнінде баяндады. Олар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, еріктілік қозғалысын дамыту және түрлі мәдени-ағартушылық жобаларға қатысуының маңызын атап өтті.

Қала прокурорының орынбасары Файзулла Тұрымов жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып, мәдени және спорттық іс-шаралардың санын арттыру жөнінде ұсыныс білдірді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында жауапты мамандардың қатысуымен тұрақты профилактикалық кездесулер ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды.

Бүгінде жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, оларды шығармашылық үйірмелерге, мәдени жобаларға және спорттық іс-шараларға тарту – зиянды әдеттердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі саналады. Осы бағыттағы жұмыстар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов жауапты мекемелерге нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, жастармен жүргізілетін мәдени-ағартушылық және спорттық жобаларды кеңейтуді, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Кентау қаласында жастар саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай кешенді жұмыстар дене шынықтыру мен спортты дамытуға, мәдени құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын қоғамның тұрақты дағдысына айналдыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You