Кентау қаласында қоғамдық кеңістіктер мәдениеті мен тазалық дәстүрі нығайтылған

Loading

Кентау қаласында қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және демалыс орындарының тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қолға алынған бастамалар қала мәдениетін қалыптастырумен қатар, тұрғындар мен қонақтарға жайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған.

Осы мақсатта қалада мобильді топ құрылып, оның қатысуымен саябақтарда, скверлерде, жағалау аймақтарында, демалыс орындарында және халық көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аралау барысында тазалық талаптарының сақталуы, қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәдениеті және абаттандыру қағидаларының орындалуы бақылауға алынды.

Рейд нәтижесінде санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпке қатысты 55 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 1 тұлғаға қатысты 1 әкімшілік хаттама, ал 505-бабы бойынша 2 тұлғаға қатысты 2 әкімшілік хаттама рәсімделді. Жалпы 3 әкімшілік хаттама толтырылды.

Мобильді топ мүшелері тек бақылау жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, қоғамдық орындарда тазалықты сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және ортақ мүлікке жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, азаматтарды құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.

Қоғамдық кеңістіктердің таза әрі ұқыпты болуы – қаланың мәдени келбетін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Тұрғындар жиі баратын саябақтар, скверлер мен демалыс орындарының тартымды болуы адамдардың жайлы тынығуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың жалпы имиджіне де оң әсер етеді. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытуға және қалаға келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі саналады.

“Кентау қаласында мұндай рейдтік және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Экологиялық және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қаланың көрікті келбетін сақтауға, қоғамдық кеңістіктердің мәдениетін нығайтуға және жайлы өмір сүру ортасын дамытуға негіз болады”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You