![]()
Кентау қаласында Ветеринариялық қызметкер күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетуге арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шара еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, кәсіби дәстүрді дәріптеу және көпжылдық адал еңбек иелеріне құрмет көрсету мәдениетін нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, ветеринария саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде қала басшысы ветеринария мамандарының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтаудағы және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.
Қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ветеринария саласын жаңғыртуға, мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жүйелі қолдау саланың дамуына жаңа серпін беріп, білікті мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасап отырғанын жеткізді.
Мерекелік жиын барысында ветеринария саласының дамуына сүбелі үлес қосқан және ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен бірқатар қызметкерлер төсбелгілермен және Кентау қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – қоғамның тұрақты дамуына еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Қазақ халқы ежелден еңбек адамын қадірлеп, адал еңбекті ел дамуының негізгі құндылықтарының бірі ретінде бағалаған. Бүгінде кәсіби мерекелерді атап өту, үздік мамандарды марапаттау және олардың тәжірибесін жас буынға үлгі ету – еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып келеді. Мұндай шаралар жастардың әртүрлі мамандықтарға қызығушылығын арттырып, кәсіби жауапкершілік пен сапалы еңбекке деген құрметті нығайтуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Кентау қаласының ветеринария саласының мамандары жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау және мал шаруашылығының дамуына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Олардың күнделікті еңбегі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болып отыр.
Еңбек адамының мәртебесін көтеру, кәсіби жетістіктерді бағалау және қоғамдық құрмет мәдениетін нығайту – жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі. Осындай тағылымды шаралар мамандардың еңбегіне деген құрметті арттырып қана қоймай, кәсібилік пен адал қызметтің құндылығын кеңінен насихаттауға қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
