Кентауда қалалық ортаның мәдениеті мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды

Loading

Кентау қаласында тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру, қоғамдық мәдениетті нығайту және тұрғын үй қорын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осы мәселелер қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте жан-жақты қаралды.

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша есептер тыңдалды.

Алғаш болып Кентау қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Илхам Азизбаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қала бюджетінің орындалу барысы туралы баяндама жасады. Онда бюджет кірістерінің орындалуы, өзіндік кірістердің өсу қарқыны, салықтық түсімдердің артуы және бюджет қаражатының тиімді игерілуі жөнінде мәліметтер ұсынылды. Қаржылық тұрақтылық – қала инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және қоғамдық кеңістіктерді кезең-кезеңімен жаңғыртуға мүмкіндік беретін негізгі тетіктердің бірі.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналды. Кентау қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Талғат Искаков тұрғын үйлерде басқару органдарын құру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мәжілісте тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауы, аулалар мен көпқабатты тұрғын үйлердің тазалығы мен күтіп ұсталуын қамтамасыз ету, көршілер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту сияқты мәселелер де қала мәдениетін қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді.

Жиын қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов бюджет қаражатының тиімді әрі толық игерілуін қамтамасыз ету, кіріс көздерін ұлғайту, тұрғын үй қорын басқару жұмыстарын жандандыру және халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, берілген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Қоғамдық мәдениет пен жайлы қалалық ортаны қалыптастыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсаттағы жүйелі жұмыстар Кентаудың тұрақты дамуына, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қолайлы қалалық кеңістікті қалыптастыруға негіз болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You