![]()
Шымкент қаласының прокуратурасы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу, стихиялық қоқыс орындарын жою және қала тазалығына жауапты көзқарас қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізуде.
Әкімдік, полиция және коммуналдық қызметтермен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, заңсыз қоқыс тасталған орындар анықталып жатыр, оларды жою бойынша шаралар қабылдануда, сондай-ақ кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселесі қойылған.
“Сонымен бірге тек рейдтер, тазалық жұмыстары мен айыппұлдар жеткіліксіз. Қаланың тазалығы әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады. Жерге тасталған әрбір пакет, бөтелке немесе құрылыс қалдығы аулалардың, көшелердің, арықтардың, балалар алаңдары мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына кері әсер етеді”, — дейді жауаптылар.
Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарды бейжай қалмауға шақырады: қоқысты белгіленбеген жерге тастамауға, балаларға жеке үлгі көрсетуге және туған қалаға жанашырлықпен қарауға үндейді.
Жанашырлық демекші, Шымкент қаласында аптап ыстыққа байланысты қолайлы микроклиматты сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қала көшелерінде арнайы техникалар жол төсеміне, балалар және спорт алаңдарына, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерге су бүрку жұмыстарын жүргізуде.
Салқындату жұмыстары күн сайын кешкі уақытқа дейін жалғасады. Қабылданған шаралар ауадағы шаң-тозаңды азайтып, жоғары температураның әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамалары жуылып, жасыл желектер, ағаштар мен гүлзарлар тұрақты түрде суарылады.
Аталған жұмыстарға Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникасы да тартылған. Бұл шаралар абаттандыру нысандарын сақтау, жасыл аймақтарға күтім жасау және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімдігі тұрғындарды аптап ыстық күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға, мүмкіндігінше күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, көбірек су ішуге және мамандардың ұсынымдарын орындауға шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
