Шымкентте сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Loading

Шымкент қаласында Терроризмге қарсы комиссия жұмыс тобының кезекті отырысы өтіп, алдағы сайлау науқаны кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, полиция, төтенше жағдайлар, мемлекеттік кірістер, әділет, қылмыстық-атқару жүйесі және білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ қалалық басқармалардың басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқанына дайындық аясында сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Биыл 23 тамызға белгіленген сайлау еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі саналады. Сондықтан сайлау процесінің заң талаптарына сай, ашық әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге айрықша мән берілуде.

Қазіргі таңда Шымкентте сайлауды өткізуге арналған 365 сайлау учаскесі тіркелген. Қала бойынша сайлаушылар саны 714 мыңнан асады. Осыған байланысты сайлау учаскелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың еркін дауыс беруіне қажетті жағдай жасау және ықтимал қауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары сайлау науқанына дайындық жұмыстарын бірлесіп атқарып, нысандардың әзірлігін пысықтауда. Бұл ретте сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы, жауапты қызметтердің өзара іс-қимылы және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары — басты назарда.

Отырыс барысында қала аумағындағы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері де қаралды. Қолданыстағы қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, анықталған кемшіліктерді жою және нысандардың қорғалу деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және қауіпсіздік талаптарының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту міндеттелді.

Сайлау кезеңінде қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың тыныштығын қорғау – барлық жауапты органдардың ортақ міндеті. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You