Шымкент шаһарында балаларға арналған жаңа ойын алаңы ашылды

Loading

Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Асқаров көшесі, 34-үйдің ауласында балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысына арналған жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Жаңа нысан аула тұрғындарының көптен күткен игіліктерінің біріне айналып, балаларға бос уақытын таза әрі жайлы ортада өткізуге мүмкіндік берді.

Ойын алаңында балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, түрлі ойын құрылғылары орнатылған. Аумақ абаттандырылып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Мұнда бүлдіршіндердің белсенді қимылдауына, ойнауына және қатарластарымен уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасалған.

Тұран ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Балғановтың айтуынша, балаларға қолайлы орта қалыптастыру – аудан әкімдігінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте тұрғындардың ұсыныс-тілектері де назарға алынып, аулаларды абаттандыру мен балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

«Балалардың өз ауласында қауіпсіз әрі жайлы жерде ойнап, уақытын тиімді өткізуі маңызды. Тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, ауданда балалар алаңдарын жаңарту және жаңа нысандар салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді», – деді ол.

Балалар алаңдарының жаңаруы аула кеңістігін тиімді пайдалануға ғана емес, тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға да ықпал етеді. Мұндай нысандар балалардың белсенді қозғалысын арттырып, салауатты өмір салтына бейімделуіне мүмкіндік береді.

“Қазіргі таңда Тұран ауданында бірнеше балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, олар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Алдағы уақытта да тұрғындардың сұранысына сәйкес аулаларды абаттандыру, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын көбейту жұмыстары жалғасын табады”, -дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You