Шымкент пен Измир арасындағы бауырластық байланыс жаңа деңгейге көтеріледі

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Түркияның Измир қаласының мэрі Джемиль Тугаймен кездесті. Кездесуде 2004 жылдан бері бауырлас қала ретінде қалыптасқан өзара байланысты жаңа мазмұнмен толықтырып, серіктестікті нақты жобалар арқылы кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты күшейту, қалалық басқару тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту бағыттарына басымдық берілді. Бұған қоса өнеркәсіптік кооперация, логистика және цифрлық технологиялар саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері қарастырылды.

Шымкент – Қазақстанның ірі экономикалық орталықтарының бірі. Қаланың өндірістік, инвестициялық және кәсіпкерлік әлеуеті шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты түрік капиталының қатысуымен жаңа жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға және бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше мән берілетіні атап өтілді.

Қазірдің өзінде Шымкентте түрік инвесторларының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Кездесуде олардың қатарын арттыру, өзара тиімді өндірістік байланыстар орнату және екі қаланың іскерлік ортасы арасындағы тікелей қарым-қатынасты жандандыру мәселелері де сөз болды.

Ынтымақтастықтың экономикалық бағыттарымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да айрықша назар аударылды. Шымкентте Түркия Республикасының Құрметті консулдығының жұмыс істеуі екі ел арасындағы байланыстың институционалдық негізін күшейте түседі. Сонымен бірге қоғамдық бастамалар мен мәдени жобаларды дамыту арқылы халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік мол.

Екі шаһардың бауырластық байланысы жиырма жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Ендігі міндет – осы тәжірибені жаңа экономикалық және гуманитарлық жобалармен толықтырып, өзара байланысты жаңа сапалы деңгейге көтеру.

Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі нақтылап, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді. Өзара сенімге негізделген серіктестік пен жинақталған тәжірибе Шымкент пен Измир арасындағы байланысты нығайтып, екі қала үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You