![]()
Шымкенттік садақшылар халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Әлемдік және құрлықтық жарыстарда жүлде алған спортшылардың жетістігі қала спортындағы жаңа белестердің біріне айналып отыр.
Биыл наурыз айында Таиланд астанасы Бангкокте өткен садақ атудан Азия кубогында шымкенттік спортшылар бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Командалық сайыста Роксана Юнусова мен Диана Юнусова алтын медаль иеленсе, классикалық садақ атудан Дастан Кәрімов пен Диана Тұрсынбек те командалық есепте жеңімпаз атанды.
Сол қалада 31 наурыз бен 4 сәуір аралығында ұйымдастырылған пара садақ атудан Азия кубогында Шымкент спортшылары Жанат Әйтімова мен Айым Сейдахметова командалық сайыста күміс жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже отандық параспорттың да халықаралық аренадағы әлеуетін айқындай түсті.
Шымкенттік садақшылардың жетістігі мұнымен шектелмейді. Былтыр Корея Республикасының Гванчжу қаласында өткен садақ атудан әлем чемпионатында Роксана Юнусова командалық сайыста қола медаль жеңіп алды. Осылайша, спортшы әлемдік додада жүлдеге қол жеткізіп, Шымкент садақ ату мектебінің әлеуетін танытты.
Жеңімпаз спортшыларды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қабылдап, олардың жетістіктерін атап өтті. Ол шымкенттік садақшылардың араға 32 жыл салып әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізгенін атап өтіп, бұл нәтижені ел спорты үшін маңызды жетістік ретінде бағалады. Сонымен қатар қалада спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, жоғары нәтижеге жетуіне қажетті жағдай жасауға басымдық беріліп жатқанын жеткізді.
Қала әкімінің орынбасары спортшыларға еңбегі үшін қаржылай сыйақылар табыстады. Әлем чемпионатының жүлдегері Роксана Юнусоваға 1 миллион теңге берілсе, Азия кубогының жеңімпаздарына 300 мың теңгеден, пара садақ атудан Азия кубогының күміс жүлдегерлеріне 200 мың теңгеден табысталды.
Халықаралық жарыстарда қол жеткізілген бұл нәтижелер – спортшылардың қажырлы еңбегі мен жаттықтырушылардың жүйелі дайындығының жемісі. Шымкент садақшыларының жеңістері жас спортшыларға жігер беріп, ұлттық спорттың кеңінен дамуына серпін беретіні сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
