![]()
Түркістан қаласында Спорт күніне орай «Заң мен тәртіп» ұранымен 3х3 баскетболдан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының ашық турнирі өтті. Спорттық дода U-12, U-14 және U-16 жас санаттарында ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылды.
Сапарбай Болыс көшесінде орналасқан «Барыс» спорт кешенінде өткен жарысқа Шымкент, Тараз қалаларынан, сондай-ақ Түркістан облысының Сайрам, Сауран аудандарынан, Кентау және Түркістан қалаларынан 60 команда қатысты. Баскетбол алаңында бақ сынаған 250-ге жуық жас спортшы өзара мықтыны анықтап, шеберліктерін ортаға салды.
Турнирдің ашылу рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ол жарыстың балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тартудағы маңызын атап өтіп, қатысушыларға тартысты ойын мен жоғары нәтижелер тіледі.
Ашық турнирдің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында баскетболды кеңінен дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және спортшылардың шеберлігін арттыру. Сонымен қатар мұндай жарыстар жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауға және командалық ойын мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жарыс барысында қатысушылар жас ерекшеліктеріне сәйкес санаттарда бақ сынап, жеңіске деген жігері мен спорттық дайындығын көрсетті. Нәтижесінде үздік ойын көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Спорт күніне орай ұйымдастырылған бұл дода Түркістанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі болды.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
