![]()
Сауран ауданындағы Шаға өндірістік алаңында ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсетуге және заманауи техникалармен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа сервистік-дилерлік орталық іске қосылды. Жалпы құны 841 миллион теңгені құрайтын жоба 0,17 гектар аумақта орналасқан. Жаңа орталық жылына 2 200 данаға дейін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге және шаруаларға сервистік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Алибек Плалов және Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысты. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жаңа сервистік-дилерлік орталықтың Шаға өндірістік алаңының дамуына және ауданның агроөнеркәсіптік кешенін заманауи техникамен қамтамасыз етуге қосатын үлесін атап өтті.
Жаңа орталықта әкімшілік кеңсе, сервистік қызмет көрсету аймағы және ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи үлгілері орналасқан. Мұнда шаруалар техника сатып алу, қосалқы бөлшектер алу және сервистік қызмет көрсету бойынша қажетті қызметтердің барлығын бір жерден пайдалана алады.
«АгромашХолдинг KZ» АҚ отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания Беларусьтің «Гомсельмаш» ААҚ-мен бірлесіп «ESSIL» астық жинайтын комбайндарын, сондай-ақ қытайлық «LOVOL», италиялық-германиялық «Deutz Fahr» брендтерінің тракторлары мен комбайндарын шығарады. Сонымен қатар, кәсіпорын AMAZONE егіс кешендерін, өз өндірісіндегі «Altyn Dan» астық сепкіштерін, түрлі компоненттер, тораптар мен агрегаттарды өндіреді.
Бүгінде Қазақстанда сатып алынатын астық жинайтын комбайндардың 50%-ға дейінгі үлесін «ESSIL» және «LOVOL» техникалары құрайды. Компанияның еліміздің 10 маңызды өңірінде сервистік-дилерлік желісі қалыптасқан. Кәсіпорын 700-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Алдағы уақытта кәсіпорын тракторлар мен комбайндардың модельдік қатарын кеңейтуді, компоненттерді локализациялауды және топырақ өңдеу техникасы секілді жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа сервистік-дилерлік орталықтың іске қосылуы Сауран ауданындағы өндірістік әлеуетті арттырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің заманауи техникаға және сапалы сервистік қызметке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
