![]()
Созақ ауданында халықаралық және республикалық додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшыларға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Әкбар Елубайұлы мен Ғалымжан Жасұлановты арнайы қабылдап, олардың спорттағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
Кездесу барысында аудан басшысы спортшылардың халықаралық ареналарда көк Туды көкке көтеріп, аудан абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті. Сонымен бірге олардың жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосып жүрген үлесін ерекше атап, ауданның спорт саласын дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті. Спортшыларға Алғыс хат пен сый-сияпат табыстап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Еркін форматта өткен кездесуде Әкбар Елубайұлы мен Ғалымжан Жасұланов кәсіби жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, бұқаралық спортты дамыту, жас спортшыларды қолдау және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғалымжан Жасұланов – аралас жекпе-жектен спорт шебері, «Qazaq» лақап атымен танымал спортшы. Кәсіпқой мансабында «NAIZA» лигасының аса ауыр салмақтағы жауынгері ретінде өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған. Қазіргі таңда әлемге әйгілі Дана Уайт лигасында бақ сынап жүр. 2023 жылы Алматыда өткен халықаралық турнирде ресейлік файтер Вячеслав Дацикті төрешілер шешімімен жеңген.
Ал Әкбар Елубайұлы – еркін күрестен Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, жастар арасында Азияның күміс жүлдегері, спорт шебері. Джиу-джитсудан Азияның төрт дүркін, Еуропаның екі дүркін және әлемнің алты дүркін чемпионы атанған. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Сонымен қатар ММА, панкратион және грэпплингтен Қазақстан чемпионы, панкратионнан әлемнің күміс жүлдегері.
Спорттағы толағай табыстарымен қатар, Әкбар Елубайұлы күш сынасудағы ерекше жетістігімен де танылған. Ол 2019 рет қошқар көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген.
Мұндай спортшылардың жетістігі – аудан жастарына үлгі, ал олардың тәжірибесі өскелең ұрпақты спортқа тартуға серпін беретін маңызды құндылық. Созақта ел мерейін үстем етіп жүрген спортшыларды қолдау дәстүрі бұқаралық спортты дамытуға да оң ықпал етпек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
