![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы және Қарттар күні мен Мұғалімдер күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Тілеуберді Мадиев 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысын баяндады. Жоспарланған жеті инженерлік іс-шараның алтауы орындалған. Қазіргі уақытта Қошқар ата өзенінің 4,7 шақырымдық арнасын күрделі жөндеу жалғасып, жұмысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Қала даму жоспарына су тасқынының алдын алуға бағытталған жеті жоба енгізілген. Олар Бадам және Сайрамсу өзендерінің арналарын нығайту, Текесу су қоймасы мен каналын жөндеу, Ақсай-Қарабастау каналын қалпына келтіру және Бадам өзенінің арнасын тазарту жұмыстарын қамтиды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалының директоры Сауле Дүйсенбаева медициналық қызмет көрсету бойынша 174 ұйыммен шарт жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар медициналық қызметтерді жоспарлау мен есепке алуды цифрландыруға арналған «QALQAN» жүйесі енгізілуде. Қазіргі таңда 164 медициналық ұйымда пациенттің жеке басын анықтау және көрсетілген қызметті QR-код арқылы растау құралдары қолданылады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның мәліметінше, қалада 105 547 зейнеткер тұрады. Қарттар күніне орай 70 жастан асқан 29 841 азаматқа 3 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беру жоспарланған. Жалпы қаражат көлемі 387,2 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған мерекелік кездесулер, концерттер және жалғыз тұратын қарияларға құрмет көрсету шаралары ұйымдастырылады.
Білім басқармасының басшысы Қуаныш Искаков 5 қазанда QYZGALDAQ saraiy мәдениет сарайында «Ұстазға тағзым» атты мерекелік кеш өтетінін мәлімдеді. Екі мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған іс-шарада білім саласына үлес қосқан, түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлерін тәрбиелеген педагогтер марапатталады.
Кеңес қорытындысында Ғабит Сыздықбеков су тасқыны қаупі бар учаскелердегі бақылауды күшейтіп, инженерлік жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі заң бұзушылықтарды жою және алдағы мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
