Шымкент қаласының әкімі Президент тапсырмасы аясында жаңа медициналық нысандардың құрылысын бастады

Loading

Мемлекет басшысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Шымкентте екі маңызды медициналық нысанның құрылысы басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Shymkent City шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қосымша корпусын салу жұмыстарына қатысты.

Қарқынды дамып келе жатқан мегаполисте медициналық қызметке сұраныс артып келеді. Осыған байланысты жаңа нысандардың құрылысы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге, диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және мамандандырылған емдеу қызметтерін жетілдіруге бағытталған.

Shymkent City шағынауданындағы емхана 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Ғимаратта ересектер мен балалар бөлімшелері, әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы ашылады. Сонымен қатар шұғыл қабылдау бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, рентген-диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, маммография мен эндоскопия кабинеттері қарастырылады. Мұнда 20 орындық күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, оңалту бөлімі және фтизиатр кабинеті де болады.

Жобада балалар мен отбасыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілген. Балалар бөлімшелері бір қабатта орналасып, жеке лифт пен күту аймақтары қарастырылады. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық бақылау жүргізуге, жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі аналарға медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдайлар жасалады.

Ал №2 қалалық көпбейінді аурухананың 80 орындық жаңа корпусы мамандандырылған және шұғыл медициналық көмектің мүмкіндіктерін арттыруға арналған. Жыл сайын шамамен 20 мың пациент қабылдайтын ауруханада нейрохирургия мен кардиореанимация бағыттарын дамыту көзделген. Бұл инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа корпус қолданыстағы аурухана және перзентхана ғимараттарымен жабық галерея арқылы жалғасып, біртұтас медициналық кластер қалыптастырады. Жедел жәрдем көліктеріне арналған жеке бастырма да қарастырылған. Іргелес аумақта кіреберіс жолдар, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылады.

Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік инфрақұрылымды қаланың өсу қарқынына сай дамыту қажеттігін атап өтті. Жаңа жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You