![]()
Шымкент қаласында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен «IX Kazakhstan Global Investment Roundtable» (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған ауқымды жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден аса инвестор мен іскерлік қоғамдастық өкілі жиналды. Форумның Шымкентте өтуі мегаполистің Еуразиядағы маңызды сауда және көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан стратегиялық әлеуетін, инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айқындайды.
Іс-шара аясында Премьер-министр шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобамен танысты. Олардың қатарында Шымкент қаласындағы “Alsera” жылыжай кешені мен “QazAlPack” зауытының құрылысы да бар. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, жаңа өндірістік қуаттарды қалыптастыруға бағытталған.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық отырыста Олжас Бектенов еліміздің экономикалық мүмкіндіктері мен инвесторларға жасалып жатқан жағдайларға тоқталды. Ол Қазақстанның ашық әрі тұрақты инвестициялық саясат ұстанатынын атап өтіп, озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістер ашу және шикізатты терең өңдеу экономиканы жаңғыртудың басым бағыттары екенін жеткізді.
Пленарлық сессияда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те сөз сөйлеп, мегаполистің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық даму мүмкіндіктерін таныстырды. Қалада өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және шетелдік капитал тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Форумның басты нәтижелерінің бірі – жалпы құны 4,8 млрд долларды құрайтын 22 құжатқа қол қойылуы. Олардың қатарында Шымкент қаласы үшін стратегиялық маңызы бар келісім де бар. Атап айтқанда, қала әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында 74,3 млн доллар инвестиция тарту арқылы ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісім жасалды.
Жобаның жүзеге асуы қала өнеркәсібінің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, пластик қалдықтарын қайта өңдеу бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бастама өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды енгізуге де жол ашады.
Форум аясында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру және цифрлық инфрақұрылым салаларын қамтитын өзге де ірі жобалар бойынша келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Жиын халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа инвестициялық серіктестіктер орнатуға мүмкіндік берді.
Осылайша, Шымкентте өткен халықаралық инвестициялық форум мегаполистің экономикалық әлеуетін танытып қана қоймай, нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға серпін беретін маңызды алаңға айналды. Қол қойылған келісімдер қаланың өнеркәсіптік дамуына, өндіріс орындарының көбеюіне және экономиканың әртараптануына тың мүмкіндік ашады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
