![]()
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округіндегі «Jalil Abdullaev» мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Бір ауысымда білім беретін оқу орнында бүгінде 850 оқушы білім алып, 130-ға жуық педагог еңбек етеді.
Мектеп ұжымы білім сапасын арттырумен қатар, оқушылардың қабілетін шыңдап, жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда білім алушылардың 80 пайызы түрлі үйірмелерге қатысады. Атап айтқанда, тіл үйрену, робототехника, еңбекке баулу және спорт бағыттары бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылған. Бұл балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізіп, қызығушылығы мен бейіміне қарай қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Оқу ордасындағы білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді. Олар оқу бағдарламасына сәйкес тапсырмаларды мектеп қабырғасында орындап, оқулықтарын да оқу орнында қалдырады. Мұндай тәсіл оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға, білімді күнделікті сабақ барысында толық меңгеруге және балалардың бос уақытын дұрыс жоспарлауына бағытталған.
Сонымен қатар мектеп заманауи оқу құралдарымен, техникалық жабдықтармен және қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген. Педагогикалық ұжым білікті мамандардан жасақталған. Аудан әкімі сапар барысында оқу кабинеттерін аралап, материалдық-техникалық базаның жай-күйімен және үйірмелердің жұмысымен танысты.
Бұдан бөлек, Мақсат Таңғатаров Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған спорттық іс-шараның ашылу салтанатына қатысып, оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мектеп жұмысымен танысу барысында білім беру сапасын жетілдірумен бірге, жас ұрпақтың зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамалардың маңыздылығы айқындалды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
