![]()
Шымкентте Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, адам құқықтары мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты. Мерекелік басқосуға барлығы 2 мыңға жуық адам жиналды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген мегаполис басшысы ұстаздардың өскелең ұрпақтың бойына білім мен тәрбие сіңіріп, ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті. Оның айтуынша, мұғалімдердің алаңсыз еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау және балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету – қаладағы басым бағыттардың бірі.
Қазіргі таңда Шымкентте білім беру инфрақұрылымын дамыту, жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы екі жылда қалада 13 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Сонымен қатар Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал №7 IT мектеп-лицейі заманауи талаптарға сәйкес жаңартылмақ.
Мерекелік жиында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан, озық педагогикалық әдістерді тәжірибеге енгізіп, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар ұстазға құрмет көрсетілді. Қала әкімі Мемлекет басшысының атынан білім беру саласының үздік қызметкерлеріне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ бірқатар педагог қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, пәндік олимпиадаларда, спорттық жарыстар мен түрлі байқауларда жеңімпаз атанған шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздардың еңбегі ерекше атап өтілді.
Шымкент оқушылары мен түлектерінің жетістіктері де білім сапасының артып келе жатқанын аңғартады. Қаладағы 80-нен астам түлек әлемнің 100-ден аса жетекші университетінен шақырту алып, халықаралық білім гранттарының иегері атанған. Ал оқушылар халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларда 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алған. «Алтын белгі» иегерлерінің қатары да жыл сайын толығып келеді.
Мерекелік кеш танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты шарада ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі тағы бір мәрте айқындалып, білім беру саласының майталмандарына шынайы құрмет көрсетілді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
