Созақ ауданында ерлік пен елге адал қызмет етудің өнегесін көрсеткен «Жас сақшы» дәрісханасы ашылды

Loading

Созақ ауданындағы Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Дархан даланың дара тұлғасы» тақырыбында тағылымды шара өтіп, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Әулет Сайлауұлы Алтаевтың есімі берілген «Жас сақшы» дәрісханасы ашылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров, басқарма бастығының орынбасары, полиция майоры Есенгелді Шалабаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов, марқұмның туған-туыстары, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

Жиында аудан әкімі Әулет Сайлауұлының қызметтік міндетіне адалдығы мен ел алдындағы еңбегін атап өтіп, оның өмір жолы жас ұрпаққа отансүйгіштік пен жауапкершіліктің үлгісі екенін жеткізді. Мұндай тағылымды бастамалардың өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтты.

Ал полиция полковнигі Мақсат Асқаров жас сақшыларға ақжарма тілегін арнап, заң мен тәртіпті құрметтеу, елге адал қызмет ету әр азаматтың абыройлы міндеті екенін атап өтті.

Шара барысында оқушылар салтанатты түрде ант қабылдап, жас сақшы куәліктеріне ие болды. Сонымен қатар сыныптың арнайы туы табысталып, жаңа дәрісхананың лентасы қиылды.

Бұдан кейін Әулет Сайлауұлының өмірі мен қызмет жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, марқұмның туған-туыстары мен әріптестері естеліктерімен бөлісті. Олар оның кәсіби біліктілігін, шыншылдығын, адалдығы мен қызметіне деген жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Жаңа дәрісхана оқушылардың құқық қорғау саласына қызығушылығын арттырып, оларды тәртіпке, отансүйгіштікке және азаматтық жауапкершілікке баулитын маңызды тәрбие алаңына айналмақ.

Тағылымды шара мектеп оқушыларының патриоттық әндері мен күмбірлеген күйлеріне ұласты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You