Брифинг: Шымкентте өнеркәсіп пен инвестиция өсімі жаңа өндірістерге серпін беріп отыр

Loading

Шымкентте өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы алты айында қала экономикасының индустриялық әлеуетін көрсететін негізгі көрсеткіштер оң динамика қалыптастырып, өндіріс көлемі артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Полатұлы Тұрманов мәлімдеді.

Есепті кезеңде қала кәсіпорындары 817,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Өнеркәсіптің негізгі тірегіне айналған өңдеу секторында 709,3 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, қала өндірісіндегі оның үлесі мен маңызы арта түсті.

Өңдеу өнеркәсібінің бірнеше бағыты тұрақты өсім көрсетті. Сусындар мен тамақ өнімдері, химия өнеркәсібі, металлургия және машина жасау, дайын металл бұйымдары, резеңке-пластмасса өнімдері, құрылыс материалдары, қағаз және фармацевтика өндірісінде оң динамика қалыптасты. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаты кеңейіп, жаңа өнім түрлерін игеруге және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге мүмкіндік алып отырғанын аңғартады.

Индустриялық аймақтар қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыратын негізгі алаңдардың біріне айналды. Қазір жалпы аумағы 1394 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақта 348 жоба жүзеге асырылып, оларға 453,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 8960 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндірістерді іске қосу жалғасуда. Өндірістік қуаттарды арттырумен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сауда-логистикалық орталықтың мүмкіндігін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Индустриялық базаны одан әрі күшейту мақсатында қалада тағы бес жаңа өндірістік алаң құру көзделген. Оның ішінде «Жұлдыз» индустриялық аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту жобалары бар. Сонымен бірге металлургия саласына маманданатын жаңа «Темір» индустриялық аймағын қалыптастыру жұмыстары басталды.

Инвестициялық белсенділіктің артуы да — қала экономикасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қаңтар–маусым айларында негізгі капиталға 308,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 275,2 миллиард теңгесі жеке қаражат есебінен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін қала экономикасына 950 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Алдағы бес жылға арналған инвестициялық пулда жалпы құны 4,46 триллион теңгені құрайтын 164 жоба қалыптастырылған. Олардың іске асуы нәтижесінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалар өндіріс, мұнай-химия, құрылыс материалдары, жылыжай шаруашылығы, медицина және жоғары технологиялар сияқты перспективалы бағыттарды қамтиды.

Осылайша, Шымкентте өндірісті әртараптандыру, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралар қаланың экономикалық әлеуетін нығайтып келеді. Индустриялық аймақтардың дамуы мен жаңа инвестициялық жобалардың көбеюі мегаполистің іскерлік белсенділігін арттырып, оны өңірлік өндіріс пен кәсіпкерліктің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға жол ашуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You