![]()
Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, жаңа өндірістерді іске қосу және жұмыс орындарын көбейту қаланың экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов тарқатып айтты.
Бүгінде мегаполисте 133 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл сектор қала экономикасының маңызды тірегіне айналып, халықты жұмыспен қамтуға және өндірістік белсенділікті арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте 259 мың адам еңбек етіп, өндірілген өнім көлемі 4,6 триллион теңгеден асты. Жалпы өңірлік өнімдегі сектордың үлесі 56 пайызды құрады.
Кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары да кеңейіп келеді. 2026 жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында кәсіпкерлікті қолдауға 14,54 миллиард теңге қарастырылған. Жылдың алғашқы бес айында 1430 жоба субсидиялау тетігі арқылы қолдау тапты. Бұдан бөлек, «Өрлеу» бағдарламасы, кепілдендіру құралдары және «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігіне ие болуда.
Бизнестің ашықтығын ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерлемесінің төмендетілуі де оң нәтиже беріп отыр. Бұл шара кәсіпкерлер үшін салықтық жүктемені оңтайландырып қана қоймай, бизнесті заң аясында жүргізуге және экономикалық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік берді.
Шағын өндірісті дамытуға бағытталған индустриялық алаңдар қалыптастыру жұмыстары да жалғасуда. Жалпы құны 26,6 миллиард теңгені құрайтын үш ірі жоба аясында кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар мен инфрақұрылымы әзір алаңдар ұсынылуда. Жобалар толық іске асқанда 50-ден астам жаңа кәсіпорын ашылып, жүздеген жұмыс орны құрылмақ. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға ықпал етеді.
Кәсіпкерліктің әлеуметтік маңызы да артып келеді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өндіріс орындарын ашып, сотталған азаматтарды еңбекпен қамтуға жағдай жасалуда. Кейбір мекемелер аумағын шағын индустриялық аймақ ретінде дамыту жөнінде шешімдер қабылданып, өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге мүмкіндік жасалуда.
Сауда саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың алғашқы алты айында бөлшек сауда көлемі 628,4 миллиард теңгеге, көтерме сауда 1,3 триллион теңгеден асты. Жалпы сауда айналымы 1,989 триллион теңгеге жетті.
Қаланың сауда инфрақұрылымын жаңғырту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірқатар базарларда қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, қалған нысандарда құрылыс бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда. Заманауи талаптарға сай сауда орындарын қалыптастыру – тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, кәсіпкерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және сауда мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Осылайша, Шымкентте кәсіпкерлік пен сауда саласындағы белсенділік қаланың экономикалық өсіміне тікелей ықпал етіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастыруға жол ашып келеді. Мемлекеттік қолдау мен бизнестің бастамашылдығы тоғысқан жерде мегаполистің экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға берік негіз қалыптасуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
