Шымкент қаласының әкімі Үндістанмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегациямен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік байланыстарды нығайту, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей қарым-қатынасты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. Қала әкімі Шымкенттің инвестициялық және өндірістік әлеуетін таныстырып, мегаполистің Қазақстанның ірі экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі артықшылықтарына тоқталды.

Тараптар инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру және өзара сауда көлемін арттыру бағыттарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар шетелдік капиталды тартуға қолайлы жағдай қалыптастыру, жергілікті кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндігін кеңейту және жаңа өндірістер ашу мәселелері сөз болды.

Үндістандық делегация мүшелері қаладағы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқауларының экспозициясын аралап, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты. Көрмеге 120-дан астам тауар өндіруші қатысып, тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және басқа да салалардағы өнімдерін ұсынды. Бұл көрме жергілікті өндірістің әлеуетін танытып, кәсіпкерлерге жаңа серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан–Үндістан бизнес-форумы өтіп, Үндістан Өнеркәсіп конфедерациясы мен Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасында B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, жаңа серіктестік байланыстар мен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарықтарға шығуына жаңа мүмкіндік береді. Үндістанмен экономикалық байланыстың кеңеюі өндіріс көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетті арттыруға, технологиялық кооперацияны дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға серпін бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You