Экожүйе: Бадам өзені бойында тазалық шарасы ұйымдастырылды

Loading

Шымкент қаласында Бадам өзенінің бойында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Игі шараға Экология департаментінің қызметкерлері, Әл-Фараби ауданының коммуналдық тазалық қызметкерлері мен белсенді ерікті жастар қатысты.

Қатысушылар өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақты абаттандыру жұмыстарын атқарды. Сонымен қатар өзен бойындағы шөптер орылып, жиналған қоқыс арнайы орындарға шығарылды.

Шара барысында Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов тазалық акциясының маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі мақсатымыз – қаладағы арықтар, су арналары мен өзен жағалауларын қоқыстан тазарту. Осы бағытта Бадам өзенінің бойындағы шөптерді орып, жиналған қоқысты шығардық. Бұл – табиғатты қорғауға бағытталған және бүкіл адамзатқа ортақ маңызды іс. Әрбір тұрғын қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді ол.

Акцияға қатысқан еріктілер де өз әсерлерімен бөлісті. Еріктілер Зиеда Мұратжанова мен Сания Бердалиева мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар қаланың тазалығын сақтауға және экологияны жақсартуға өз үлестерін қосқандарына қуанышты екендерін жеткізді.

Бадам өзенінің бойында өткен бұл тазалық шарасы аймақтағы экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мұндай ауқымды акциялар — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының Шымкент қаласында жүйелі түрде іске асып жатқанының айқын дәлелі. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Экологиялық мәдениет – бұл ең алдымен отаншылдықтың көрінісі. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс», – деп қатаң шегелеп айтқан болатын. Соңғы ресми деректерге сүйенсек, үшінші мегаполисте осы бағдарлама аясында мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, жүздеген шақырым су арналары тазартылды. Коммуналдық қызметтер мен белсенді жастардың бұл бірлескен жұмысы қаланың эко-жүйесін жақсартып қана қоймай, қоғамда қоршаған ортаға деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастырудың басты кепілі болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You