![]()
Шымкент қаласындағы негізгі көшелерде тік көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіле бастады. Мегаполистің сәулеттік келбетін жақсартуға, экологиялық ахуалды оңтайландыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жоба аясында қала бойынша жалпы саны 1683 арнайы конструкция орнату жоспарланған.
Сонымен қатар, 540 вазон, 293 стендке бекітілетін гүл құмырасы, 245 жарықтандыру бағанасына арналған сәндік элемент және 424 бұрыштық гүл құмырасы орналастырылады. Бұл заманауи тәсіл қоғамдық кеңістіктерге ерекше эстетикалық сән беріп қана қоймай, шағын аумақтарды тиімді пайдалану арқылы жасыл желек көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, көше бойларындағы гүлмен көмкерілген конструкциялар қаланың көркін айшықтап, жайлы атмосфера қалыптастырады.
Тік көгалдандырудың экологиялық маңызы да ерекше. Жасыл өсімдіктер ауадағы шаң-тозаңды ұстап қалып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ, аумақтың микроклиматын жақсартып, ауа температурасын реттеуге және аптап ыстықтың әсерін төмендетуге оң әсерін тигізеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау, қалаларды көгалдандыру және азаматтар үшін жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыру мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында еліміздің өңірлерінде жасыл аймақтарды көбейтуге, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Шымкенттегі тік көгалдандыру жобасы осы бағыттағы заманауи урбанистикалық шешімдердің бірі саналады. Мұндай тәжірибе қаланың эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, ауа сапасын арттыруға, жазғы ыстықтың әсерін азайтуға және тұрғындардың өмір сүру жайлылығын көтеруге мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын жасыл инфрақұрылым элементтерін енгізу Шымкенттің экологиялық тұрғыдан орнықты әрі тұрғындарға қолайлы мегаполис ретінде дамуына жаңа серпін береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
