![]()
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оған коммуналдық мекеме қызметкерлері жұмылдырылды.
Атап айтқанда, Қаратау ауданындағы Жоғарғы Отырар шағынауданындағы №53, №54 және №55 тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, шөптер орылып, ағаштар мен бұталар ретке келтірілді. Сондай-ақ Бадам өзенінің жағалауы, Тассай шағынауданы және Еңбекші ауданындағы 12-шағынаудан аумақтарында санитарлық тазалық пен көркейту жұмыстары ұйымдастырылды.
Жергілікті тұрғындар аула аумағының жай-күйіне көңілдері толатынын жеткізді. Жоғарғы Отырар шағынауданының тұрғыны Ұлбосын Тәжібаева мұндай бастамалардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қоршаған ортаның тазалығын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.
– Соңғы уақытта ауламызда тазалық жұмыстары жиі өтетін болды. Қыз-жігіттердің арқасында таза аулада серуендеп жүрміз. Тазалық қызметкерлеріне рақмет. Тұрғын ретінде біз де ауламыздың тазалығына бейжай қарамаймыз. Балаларымызға тазалық жөнінде үнемі айтып отырамыз, – дейді аула тұрғыны Ұлбосын Тәжібаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған акциялар қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ жастардың қауіпсіз әрі салауатты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағында тұрақты түрде санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып тұрады.
Қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау – тұрақты дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіліп жатқан санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде. Шымкенттегі мұндай игі шаралар аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады. Табиғатқа жанашырлық танытып, тазалықты күнделікті дағдыға айналдыру – келер ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалдырудың ең тиімді жолы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
