Экожүйе: Шымкент шаһарында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

Шымкент қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық шарасы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта өтіп, оған қала тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлері белсенді қатысты. Атап айтқанда, Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі КММ ұжымы да сенбілікке қатысып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Іс-шара барысында саябақ аумағы қоқыстан тазартылып, санитарлық жұмыстар жүргізілді. Қатысушылар қоғамдық орта тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырды.

“Мұндай игі бастамалар қала келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді” – дейді жауаптылар.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың жаңа үлгісіне айналып келеді. Бүгінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне кеңінен тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Шымкентте ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен ауқымды көгалдандыру шаралары осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе, миллионға жуық гүл көшетінің отырғызылуы қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, оның туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы, мұндай бастамалар тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын күшейтіп, қоршаған ортаны сақтауды қоғамдық құндылыққа айналдыру арқылы тұрақты дамудың берік негізін қалыптастырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You