Экожүйе: Шымкентте қоқыс тастаған тұрғындар анықталды

Шымкент қаласының аумағында қоғамдық орындардың тәртібі мен тазалықты сақтау шаралары тұрақты жүргізілуде. Тәртіп сақшылары мен әкімдік мамандары бірлесіп, рейд жүргізіп тұрады.

Жуырда Қаратау ауданында өткен осындай барысында бейберекет қоқыс тасталған орындар анықталды. Жедел шаралар нәтижесінде бос учаскелерге қоқыс тастаған, үйінің маңындағы қоғамдық орындардың абаттандыру тәртібін бұзған тұрғындар анықталды. Полиция қызметкерлері осы фактілер бойынша құқық бұзушыларға әкімшілік шаралар қолданып, ескерту берді. Егер 1 аптаның ішінде өздері бүлдірген орындарды тазаламаса, ірі көлемдегі айыппұл кесіледі.

“Туған қаламыздың көркеюі мен тазалығы өзімізден басталады десек, қоршаған ортаны таза ұстап, қоқыс тастамауға шақырамыз”, — дейді жергілікті билік жауаптылары.

Осы ретте атап өтер тағы бір мәселе, жақында ғана ашылған Жапон саябағы – қала тұрғындарының жайлы демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістік. Өкінішке қарай, бүгіннің өзінде саябақ аумағындағы көгалдардың тапталуы, қоқыстың бейберекет тасталуы және абаттандыру элементтерінің бүлінуі секілді келеңсіз жағдайлар тіркелуде.

“Естеріңізге саламыз, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру нысандарына зиян келтірге заңда жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қайталанған жағдайда жауапкершілік күшейтіледі.

Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл желекті, көгалды және инфрақұрылым нысандарын бүлдіру үшін де әкімшілік жауапкершілік бар екенін ескертеміз.

Шымкент – бәріміздің ортақ үйіміз. Қаламыздың тазалығы мен көркі әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан қоғамдық орындарда тазалық сақтап, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға, көгалдар мен жасыл желектерді қорғауға және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырамыз. Қаламыздың көркеюіне бірге үлес қосайық!”, — дейді шаһардың тазалығына жауапты мамандар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You