Экожүйе: Шымкентте қоқыс тастағандарға айыппұл салынды

Loading

Мегаполисте қоғамдық ортадағы тазалық пен тәртіпке баса назар аударылған. Осы мақсатта қаланың барлық ауданында тексеру жүргізілуде.

Әкімдік мамандары мен экополиция қызметкерлері Тұран және Тассай шағынаудандарының аумағында тазалық талаптарының сақталуын бақылау мақсатында кезекті рейдке шықты. Нәтижесінде құрылыс қалдығын рұқсат етілмеген орындарға тастау деректері анықталды. Осыған орай мамандар құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырып, 20 АЕК көлеміндегі айыппұл салды.

Сонымен қатар, тұрғындарға, мердігер ұйымдарға және құрылыс жүргізіп жатқан адамдарға экологиялық нормаларды сақтау, құрылыстағы және тұрмыстық қалдықты тек белгіленген орындарға шығару жөнінде түсіндірілді.

“Қала аумағында санитариялық ахуалды жақсарту, заңсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу бағытындағы бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты жалғасады. Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаны күтіп ұстап, тазалықты сақтауға шақырамыз. Тәртіп бұзғандар жауапкершілікке тартылады”, — дейді сала жауаптылары.

Тәртіп демекші, Шымкент қаласында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шомылу маусымы қарсаңында Шымкент қаласының аумағындағы су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс қолға алынған.

Осыған байланысты Еңбекші ауданы әкімдігі, аудандық полиция басқармасы және төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бірлесіп, шомылуға тыйым салынған аумақтарға арнайы ескерту тақтайшаларын орнатты. Бұл шаралар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жүзеге асырылуда.

“Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, арнайы рұқсат етілмеген су айдындарында шомылмауды сұраймыз”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You