Экожүйе: Шымкентте «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық тәртіп күшейтілді

Loading

Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау, қала тазалығын сақтау және қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта тазалық шараларымен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берілуде.

Шымкент қаласы Полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп, абаттандыру талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қала аумағындағы қоғамдық орындардың тазалығы мен санитарлық жағдайына қатысты талаптардың орындалуы — назарда. Мұндай бақылау қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Қоғамдық орындарда тәртіп бұзу фактілерін анықтауда бейнебақылау жүйесінің мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. Камералар арқылы қоқыс пен құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгу, ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау секілді деректер анықталады. Талаптарды бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Экологиялық тазалықты сақтау тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Қаланың санитарлық жағдайы әр тұрғынның күнделікті әрекетіне тікелей байланысты. Бір қарағанда ұсақ көрінетін қоқыс тастау, тұрмыстық немесе құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге шығару сияқты әрекеттер уақыт өте келе қоршаған ортаға елеулі салмақ түсіреді. Сондықтан тазалық талаптарын сақтау – қоғамдық мәдениеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Азаматтарға абаттандыру талаптарын сақтау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және қоршаған ортаны ластамау қажеттігі түсіндіріледі.

«Таза Қазақстан» бастамасының түпкі мақсаты – тек белгілі бір аумақты тазалау емес, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл ретте қоғамдық бақылау, заманауи бейнебақылау құралдары және тұрғындардың жауапкершілігі өзара сабақтас болуы қажет.

Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды қала тазалығына бейжай қарамауға, қоғамдық орындарды таза ұстауға, белгіленбеген жерге қоқыс тастамауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қаланың таза әрі жайлы болуы – ең алдымен ортақ тәртіп пен әр азаматтың жауапты ұстанымының нәтижесі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You